Мәжіліс депутаты су саласына жауапты министрлік құруды ұсынды

17 Маусым 2022, 12:23
1373
Бөлісу:
Мәжіліс депутаты су саласына жауапты министрлік құруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Парламенттік тыңдауды дайындау жөніндегі арнаулы уақытша комиссиясының жетекшісі  Еділ Серікбайұлы «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» атты  Мәжілісте өткен Парламенттік тыңдауда айтты.  

Су саласының бағыттарын басқару мен реттеу үш министрлікке бөлініп берілген. Тіпті трансшекаралық су ресурстарымен Сыртқы істер министрлігі де айналысып кетеді. Бақташы көп – нәтиже мардымсыз. Көрші мемлекеттерді алып қарасақ, оларда су шаруашылығымен тиісті министрлік немесе агенттік айналысып отыр. Сондықтан су саласына жауапты және Қазақстан Республикасы атынан халықаралық деңгейде келіссөздер жүргізетін тиісті министрлік құрудың уақыты келген секілді, – деді ол.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Қазақстан су ресурстары тапшылығы жоғары, географиялық тұрғыдан табиғи су қоры аз елдер санатына жататынын және негізгі су ресурстарының көздері шекаралас мемлекеттер аумағында орналасқанын атап өтті.

Бүгінгі таңда біз барлық  қолжетімді су ресурстарын бей-берекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз. Сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын пайдалану проблемасы қазірдің өзінде мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретін факторлардың бірі, – деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы