Ақтөбе облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл жыл аяғына дейін Ақтөбе қаласындағы Есет батыр тұрғын алабында 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ. Нәтижесінде 400-ге жуық пәтер тұрғындарға пайдалануға беріледі.
Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ғалымжан Елеуов, Аманғали Бердалин, Сергей Симонов аталған көп қабатты үйлердің құрылысымен танысып, мердігер ұйым өкілдерімен тілдесті.
Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Ақтөбе Сәулет» ЖШС өкілдері бұл ауданда қала бойынша тұрғын үйдің бағасы 10-15 пайыз арзан екенін жеткізді. Нақтырақ айтсақ, бұл тұрғын үйдің бір шаршы метрі — 180 мың теңге.
Құрылыс жұмыстарын өткен жылдың тамыз айында бастадық. Қазір жалпы ауданы 25 000 шаршы метр болатын бес үй салып жатырмыз. Әр үйде 72 пәтерден орналасқан, дені — екі және үш бөлмелі пәтерлер. Биыл бір үйді тамыз айында, ал қалғандарын қараша-желтоқсан айларында пайдалануға береміз. Құрылыс жұмыстарын жүргізуде ешқандай қиындық жоқ. Барлық құрылыс материалдары — отандық өнімдер. Бәрі өз уақытымен тасымалданып, құрылысшылар үздіксіз еңбек етіп жатыр. Бағасына келсек, біз тапсырыс беруші Ақтөбе қалалық әкімдігінен тендер арқылы ұтып осы жобаны қолға алдық, яғни әр шаршы метрін 180 мың теңгеге тапсырамыз. Баға бойынша ешқандай түзетулер болмайды, былтыр да, биыл да осы бағаны ұстап тұрмыз. Дегенмен былтырғыға қарағанда биыл құрылыс материалдарының бағасы едәуір өсті, — дейді «Ақтөбе Сәулет» ЖШС директоры Азамат Жангереев.
Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Симоновтың айтуынша, бүгінде елімізде тендер арқылы жобаны ұтып алған бірқатар мердігер ұйым биылғы құрылыс материалдары бағасының қымбаттауына байланысты құрылыс қарқынын кешеуілдетуге мәжбүр. Себебі жобалық-сметалық құжаттарды қайтадан сараптамадан өткізу үшін біраз уақыт керек. Сондай-ақ қазіргі таңда бөлінген мемлекет қаржысын белгілі бір себептерге байланысты игере алмай отырған өңірлер де бар. Олардың қатарына Ақтөбе облысы да кіреді.
Өткен жылдан бастап мемлекет қаржысын толығымен игермеуге қатысты бірқатар проблемалар болғаны белгілі. Бұл жерде басты себеп — жобалық-сметалық құжаттардың қазіргі нақты бағамен сәйкес келмеуінде. Былтырдан бері құрылыс материалдарының қымбаттауынан мердігер ұйымдар шығынға ұшырып жатыр, сол үшін құрылыс жұмыстарын жүргізуде бірқатар құжаттарға түзетулер енгізілуге тиіс. Ал сараптамадан өткізу үшін кемінде 2-3 ай уақыт қажет. Соның салдарынан өңірлерде құрылысы кешеуілдеп жатқан нысандар бар. Біз биыл бұл бағыттағы жұмыстар ойдағыдай аяқталады деп ойлаймыз.
Ал Ақтөбе облысына келсек, біз осы аптада Мәртөк, Байғанин, Ойыл аудандарын аралап, жол жөндеу жұмыстарында бірқатар кемшіліктер бар екенін аңғардық. Мәселен, бір жерде инертті материалдар жетпесе, енді бір жерде жол жөндеуге қатысты құжаттарды сараптамадан өткізуде қиындықтар кездесіп отыр. Жалпы бүгінде Ақтөбе облысында құрылысы тоқтап қалған, не уақытында жүзеге асырылмай тұрған 15 нысан бар, — деді Сергей Симонов.
Айта кету керек, 4 шілдеден бастап Мәжіліс депутаттары облыстарды аралап, халықпен кездесулер өткізіп, ауыл-аймақтардың ахуалымен танысып жатыр.