Мәжіліс депутаттары иттердің ұлттық тұқымдарын сақтау туралы заң жобасын қарайды

25 Қараша 2022, 17:29
833
Бөлісу:
Мәжіліс депутаттары иттердің ұлттық тұқымдарын сақтау туралы заң жобасын қарайды

Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бюро отырысында иттердің ұлттық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселесі бойынша депутаттар бастамасы бойынша әзірленген заң жобасы қаралды.

Заң жобасының негізгі нормалары иттердің ұлттық тұқымдары – тазы мен төбетті сақтау, дамыту және қалпына келтіру жөніндегі шараларды қабылдау үшін құқықтық негіздер жасауға бағытталған.

Жоба бойынша жұмыс барысында депутаттар қазақ ит тұқымдары, қазақ ит тұқымының шығу тегі туралы куәлік, қазақ ит тұқымдарының бірыңғай асыл тұқымды кітабы, қазақ ит тұқымының таза тұқымды иті, қазақ ит тұқымдарының стандарттары ұғымдарын нақтылауға бағытталған түзетулер енгізді.

Екінші оқылымда Мәжіліс депутаттары «Өсімдіктер әлемі туралы» заң жобасын ілеспе түзетулермен қарайды.

Сонымен қатар алдағы жалпы отырыста депутаттарға Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесімен бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі келісімдерді ратификациялау туралы, сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы заң жобаларын талқылау ұсынылады.

Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы тағы бір заң жобасын депутаттар жұмысқа қабылдайтын болады.

Өзгелердің жаңалығы