Мажар кітаптарының тұсаукесері өтті

21 Қазан 2022, 20:48
954
Бөлісу:
Мажар кітаптарының тұсаукесері өтті
PHOTO

Мажарстан Ұлттық Жиналысының вице-спикері Шандор Лежактың қатысуымен мажар кітаптарының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін Халықаралық Түркі академиясына Мажарстан Ұлттық Жиналысы төрағасының орынбасары Шандор Лежак бастаған делегация арнайы келіп, Академия жұмысымен танысты.

Мәртебелі қонақтар алдымен Түркі академиясы кітапханасының құнды қолжазбалар қоры және Иштван Қоңыр Мандокидың жеке кітап қорын аралап көрді.

Мажар кітаптарының тұсаукесері өтті

Бұдан кейін «Қазақтың 550 мақал-мәтелі (Иштван Коңыр Мандоки мұрасынан алынған фотосуреттермен)» және «Кундардың суреттелген хроникасы» атты мажар тіліндегі кітаптардың тұсаукесері рәсімі өтті.

Алқалы жиынға Мажарстан Ұлттық Жиналысы төрағасының орынбасары Шандор Лежак, Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Фузули Мәжидли, Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Назарбаев Университеті Қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі Юлай Шамилоғлы, мажарстандық белгілі түрколог Давид Шомфай Қара, сонымен қатар танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері  қатысты.

Мажар кітаптарының тұсаукесері өтті

Айта кету керек «Қазақтың 550 мақал-мәтелі» атты жинақты мажар ақыны, Кошут сыйлығының лауреаты, Мажарстанның Республикасының сіңірген еңбегі қайраткері Ференц Буда мажар тіліне аударып әзірлеген. Ол қазақ халқының мәдениетін зерттеуге отыз жылдан астам уақытын арнаған. 1988  жылы қазақ ертегілерін аударып жарыққа шығарды және мажар оқырмандарын өзге де түркі және фин-угор халықтары әдебиетімен таныстырды.

Мажар кітаптарының тұсаукесері өтті

Аталған кітап көрнекті түрколог Иштван Қоңыр Мандокидің құрметіне арналып, ғалымның Орталық Азияға зерттеу сапарлары кезінде түсірілген фотосуреттерімен толықтырылды.

Ал «Кундардың суреттелген хроникасы» атты энциклопедиялық басылымға ХХ ғасырдың басына дейінгі кун халқының шығу тегі, қоныстануы және тарихы туралы ғылыми зерттеулердің нәтижелері жиналған. Кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші тарауда кундардың тарихи сипатталса, екінші бөлімде кундарға қатысты 33 терминнің түсіндірмелері бар. Томның соңғы бөлімінде 49 елді мекеннің тарихы  баяндалған. Белгілі оқиғалардан басқа, кітапқа онша танымал емес фактілер, сондай-ақ куна халқы үшін көп нәрсе жасаған көрнекті тұлғалар мен билеушілердің қызметі туралы мәліметтер енгізілген.

Сонымен қатар, жиын аясында Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Фузули Мәжидли Мажарстан Ұлттық Жиналысы Төрағасының орынбасары Шандор Лежак бастаған мажар делегациясымен екі жақты кездесу өткізді.

Мажар кітаптарының тұсаукесері өтті

Академия басшысы міндетін атқарушы Фузули Мәжидли өз сөзінде алқалы жиынның көрнекті түрколог Қоңыр Мандоки құнды мұралары сақталған Түркі академиясының ғимарытында өтуінің символикалық мәні зор екенін атап өтті. Ол Мажарстан бағытында жүзеге асып жатқан жобалармен таныстыра келіп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды атап өтті. 

Мажар кітаптарының тұсаукесері өтті

Өз кезегінде мәртебелі мейман Шандор Лежак тамырлас елдердің ортақ құндылықтарын зерттеп, халықтардың бауырластығын арттыруда Академия атқарып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, жоғары бағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар, тараптар екіжақты ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытып, келешекте бірлескен жобалар жүзеге асыруға уағдаласты. Кездесу барысында Ф. Мәжидли мәртебелі мейман Шандор Лежакка мырзаға арнайы құрмет көрсетіп, бауырластық байланыстарды нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Академияның Әлішер Науаи атындағы алтын медалімен марапаттады.

Мажар кітаптарының тұсаукесері өтті

Айта кету керек, 2017 жылы Мажарстан Халықаралық Түркі академиясына бақылаушы мәртебесін алып, Түркі әлемінің ынтымақтастық институттары арасында осы мәртебені иеленген алғашқы мемлекет болды. Академия Мажарстан мен Түркі әлемі ықпалдастығын арттыру мақсатында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, Немет Дьюла, Дьёрд Алмаши, Қоңыр Мандоки сынды мажар түркологтарының мирасы мен тағылымына қатысты ғылыми жобаларды қолға алып, бірқатар еңбектерді жарыққа шығарды.

Өзгелердің жаңалығы