Мажар ғалымдары атыраулық «темір сауытты» баһадүрді зерттейді

8 Қаңтар 2021, 23:47
1700
Бөлісу:
Мажар ғалымдары атыраулық «темір сауытты» баһадүрді зерттейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысын әкімі Махамбет Досмұхамбетов Мажарстанның белгілі антрополог және археологтарын қабылдады. Бұл туралы өңір басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Аз ғана уақыттың ішінде емен-жарқын сұхбат болды. Әңгіме барысында Мажар ғалымдары «Қазақстан біздің екінші Атамекеніміз» деп мақтанышпен айтты. Олар бабаларының өз дәуірінде ұлы даладан қоныс аударғанын жақсы біледі. Венгр жаратылыстану ғылымдары музейінің антропологы, Мажар-Тұран қорының президенті Андраш Жолт Биро, Венгр жаратылыстану ғылымдары музейінің антропологы Жолт Бернерт сонымен қатар Венгр жаратылыстану ғылымдары музейінің археологы, сарапшы-техник Норберт Гогошпен тарихқа қатысты тағылымды әңгіме болды - деді әкім.

Оның сөзіне қарағанда, мажар ғалымдары алдағы уақытта Қызылқоға ауданына қарасты Миялы қорғанынан табылған «темір сауытты» баһадүрдің бас сүйегіне антропологиялық және радиокорбондық зерттеулер жүргізеді. 

Сондай-ақ реконструкциялық мүсінін жасайды. Көне тарихты түгендеуде мажар ғалымдарының мол тәжірибесі бар. Біздің өткенімізді жаңғыртуға қатысты пайдасы тиеріне сенемін. Жалпы Атырау атырабынан соңғы жылдары көптеген құнды жәдігерлер табылды. Тарихшыларымыз өңірімізде 700-ден астам қорған барын айтады. Олардың зерттелгендері саусақпен санарлық. Сарайшық қаласының өзінен талай тың дерек шығарына сенемін - дейді Махамбет Досмұхамбетов.

Сонымен қатар облыс басшысы ғалымдарға «Ұлы даланың терең тарихы жан-жақты зерттеліп, ашылған жаңалықтар әлемдік ғылыми айналымға түсуі керек» деген ойын білдірді. 

Сол арқылы кезінде іргелі өркениеттер жасағанымызды жаһандық деңгейде насихаттауға жол ашылар еді. Әлбетте, Тәулсіздік алғаннан бастап ұлттық тарихты түгендеуге қатысты ауқымды жұмыстар жасалды. Көптеген шетелдерден қаншама тың дерекер әкелініп, ақтаңдақтар ашылды. Ұлттық тарихты түгендеу жұмыстары жалғасын табады - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы