Майнинг саласының мәселелерін шұғыл реттеуіміз керек – Премьер-министр

15 Ақпан 2022, 11:16
1229
Бөлісу:
Майнинг саласының мәселелерін шұғыл реттеуіміз керек – Премьер-министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.

Майнинг саласының мәселелерін шұғыл реттеуіміз керек. Қазіргі кезде Үкімет майнинг тәсілдерін қайта қарап жатыр, - деді Үкімет басшысы.

Смайылов саланы реттеу және дамыту үшін Цифрлық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық мәселені Мәжіліс депутаттары бастамашы болған «Цифрлық активтер туралы» заң жобасы аясында пысықтауды тапсырды.

Оның сөзінше, Президент тапсырмасына сәйкес, Инфляция деңгейін бақылау және оны төмендетуге қатысты  жаңа шаралар кешені әзірленді.

Ол егіс алқаптарын көбейту және азық-түлік өнімдерін өндіру мен өңдеу саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы отандық өндірісті ұлғайтуға бағытталған. Сонымен қатар жанар-жағармай материалдарын өндіру мен оларды бөлу жүйесін реформалау бойынша жүйелі шаралар қабылданады, сондай-ақ бағаны белгілеуге бақылау жасау және монополияға қарсы реттеу шаралары көзделіп отыр. Қабылданып жатқан шаралар бағаны біртіндеп тұрақтандыруға, инфляцияны нысаналы деңгейде ұстап тұруға, және бизнес ахуалды жақсартуға ықпал етеді, - деп айтты Әлихан Смайылов.

Ол осыған орай Инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін мақұлдауды ұсынды.

Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдерге аталған іс-шаралардың сапалы және тиімді орындалуын ерекше бақылауға алуды тапсырамын.  Шаралар кешенінің орындалу барысын Үкіметте тұрақты түрде қараймыз. Жалпы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуын жетілдіру бойынша ұсынылған шараларды қолдаймыз.  Қаржы министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, осы ұсыныстарды заң жүзінде бекіту мәселесін жылдамдатып пысықтасын, - деп Премьер-министр әріптестеріне тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы