Мәулен Әшімбаев: Мұндай апат қайталанбасын!

8 Ақпан 2023, 14:29
1053
Бөлісу:
Мәулен Әшімбаев: Мұндай апат қайталанбасын!
Фото: Егемен Қазақстан

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркия еліндегі жер сілкінісінің зардаптары туралы Facebook әлеуметтік желісінде жазба қалдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бірнеше күн бұрын Түркия елінде жойқын зілзала болып, мыңдаған адам қаза тапты. Бұл қайғылы оқиға, шын мәнінде, баршамыздың қабырғамызды қайыстырып кетті. Осыған байланысты бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігіне барып, түрік ағайындарға көңіл айтты.

Сондай-ақ Президентіміз осындай қиын сәтте бауырлас елге Қазақстан тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді. Қазірдің өзінде біздің құтқарушылардың алдыңғы легі оқиға орнында жұмыс істеп жатқаны белгілі.

Осы ретте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және жеке өзімнің атынан жер сілкінісі салдарынан қайтыс болғандардың жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Рухы асқақ түрік халқы бұл ауыртпалықты сабырмен еңсеріп, жақын арада жағдай тұрақталады деп сенеміз және соған тілектеспіз.

Қаза тапқандардың жандары жаннатта болсын. Зардап шеккендер тезірек сауығып кетсін. Енді ешқашан мұндай апат қайталанбасын,- деген Мәулен  Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы