2026 жылы өтетін мәслихат сайлауының басты ерекшелігі – оның кезектен тыс өткізілуінде. Алайда сайлау жүйесінде 2023 жылғы науқанмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, мәслихат депутаттарының негізгі өкілеттік мерзімі – бес жыл. Сондықтан кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімнің өзіндік саяси себептері бар. Сарапшы мұны елде жүргізілген саяси реформалардың логикалық жалғасы ретінде қарастырады.
Саяси реформалардың нүктесі ретінде мәслихат сайлауын өткізу қажет болды. Себебі Мәжіліс пен мәслихаттардағы саяси құрам арасында сәйкессіздік туындауы мүмкін еді. Сондықтан бұл мәселені біріздендіру қажеттілігі болды, – деді Әсел Назарбетова Философия, саясаттану және дінтану институтында өткен сарапшылық отырыста.
Сарапшы Мәжіліс пен мәслихат сайлауының басты айырмашылығына да тоқталды. Оның айтуынша, Мәжіліс депутаттары партиялық тізім арқылы сайланса, мәслихат сайлауында бірмандатты округтер бойынша өзін-өзі ұсынған азаматтарға да мүмкіндік беріледі.
Бұл тетік қоғамның белсенді өкілдерінің саяси процеске араласуына жол ашады. Сарапшының пікірінше, Конституциялық өзгерістер талқыланған кезде Парламентке тек партиялық тізім арқылы өту мәселесі қоғамда пікірталас тудырған. Ал мәслихат сайлауы азаматтарға сайлауға қатысудың балама жолын ұсынады.