Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәскеудегі "Современник" театрының сахнасында "Фариза" спектаклінің тұсаукесері өтті, деп хабарлады "Хабар 24".
Бұл қойылымды драматург Роза Мұқанованың пьесасы бойынша қазақстандық жас режиссер Фархат Молдағали қойған. Тұңғыш рет бұл спектакль Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы театрдың сахнасында қойылған. Ресейдегі қойылым бүкілресейлік театр марафонының бағдарламасына кіріп, Қазақстанның Ресейдегі күндері аясында көрсетілді. Авторлары "Фариза" қойылымын мистикалық драма жанрына жатқызып отыр. Ақынның өлеңдері сценарийге шебер өрілген. Алайда бұл әдеби кеш те, өмірбаян да емес. Бұл – бас кейіпкердің ішкі дүниесі мен жан сезімін сахнада бейнелеу.Фариза Оңғарсынова ақын болуымен қатар, Қазақстанның мәдени астанасы – Алматыға оқуға келген көптеген қазақ қыздарының қамқоршысы болған. Оларды ілгері жетелейтін. Фариза Оңғарсынованы өз шабыты санайтын ізбасарлары көп, - деді қойылым идеясының авторы Айнұр Көпбасарова.Замандастары тарапынан марапатқа бөлену мен қызғаныш. Достық пен бақталастық. Үлкен табыс пен жалғыздық. Ақынның осының арасында таңдау жасауға мүмкіндігі жоқ. Шығармашылық жолында шабытпен қатар ауыр жүкті да арқалауға мәжбүр. Бұл тағдырдың жазғаны. Ежелгі грек трагедияларындағыдай, ақынның парызы өзгерген жоқ: жан қиналысын жоғары өнерге айналдыру.
Әлем әдебиетінде Ахматованың, Цветаеваның, Мандельштам, Блок қандай әлемдік деңгейде болса, Фариза шығармашылығы, Фариза тағдыры, Фаризадағы жұмбақ – біз осыны іздедік. Бұл –Фаризаның арпалысы. Барлық адамға тән ғой арпалысып өту. Қоғам бірде түсінеді, бірде түсінбейді. Атақ, даңқ бола тұра адам өзін жалғыз сезінетін кездер болады, - деді пьеса авторы Роза Мұқанова.Фариза Оңғарсынова шығармашылығының негізгі тақырыптары – мәңгі өшпейтін классика. Махаббат пен өшпенділік, ерлік пен үрей, адам жанындағы бүкіл сезімдердің шиеленісуі. Спектакль қазақ тілінде қойылып, көрермендер үшін ілеспе аударма жасалды. Алайда поэзия тілі бүкіл жұртқа аудармасыз да түсінікті болған.
Актерлердің осылай жанын салып, ойнағанын көптен бері көрмеппін. Әрине, ең алдымен бас кейіпкерді сомдаған актриса көзге түсті. Тіл білмесем де, спектакльді жаным ашып көрдім, - деді жазушы Георгий Пряхин.
Қойылымды бір деммен көресің. Поэзияға негізделген спектакльді көріп, уақытты ұмытып қаламын деп ойламап едім. Бұл – керемет. Отанынан алшақ тұратын қазақ көрермендері үшін Ресейдегі ең үздік театрларының бірінде туған тілінде спектакльді көрудің не екенін жақсы түсінемін. Өте күшті әсер алды деп ойлаймын, - деді тілші Аркадий Дубнов.
"Современниктен" кейін қараша айының ортасында спектакль Нұрсұлтан қаласы "Жастар" театрының сахнасында көрермендер назарына ұсынылады.