Маскасы болмаса баланы мектепке кіргізбеу керек деген сөз емес – Сапура Төлекова

20 Қаңтар 2022, 16:58
2929
Бөлісу:
Маскасы болмаса баланы мектепке кіргізбеу керек деген сөз емес – Сапура Төлекова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ  тілшісі. Мектеп әкімшілігі ата-аналардан баласын қашықтан оқыту бойынша өтінішін онлайн қабылдауына болады. Бұл туралы БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Сапура Төлекова мәлім етті.  

Барлық ата-ананы мектепке жинап, өтініш жазуы керек деген талап қойылмайды, оны мектеп әкімшілігі жақсы түсінеді. Мектеп пен ата-ана арасында жақсы қарым-қатынас орнатылған болса, әртүрлі ресурстар арқылы ата-ананың келісімін онлайн алуға болады. Ауылдық жерлерде 600-ден артық білім алушысы бар мектептер көп емес, 600-ге дейін оқушысы бар мектептер толығымен дәстүрлі форматта оқиды, - деді министрлік өкілі.

Бір сынып оқушылар ата-аналарының жартысы офлайнға, жартысы онлайнға келіссе қандай шешім қабылданады? Бұл сұраққа Комитет төрағасының орынбасары былай деп жауап берді.

Мұндай жағдайда мектепте бір сыныпта бірнеше параллель болса, «А» және «Ә» сыныптарының оқушыларын біріктіруге және қашықтан оқыта беруге де болады. Бірінші кезекте, әрине, баланың денсаулығы, ал одан кейінгі орында білім беру процесі. Пандемия немесе коронавирустық инфекция әрі қарай жалғаса беретін болса, ұзақ бойы балаларды қашықтан оқыта беру мүмкін емес. Оның салдарын өздеріңіз көріп те отырсыздар. Ата-аналар балаларын мектепке жібергісі келмесе, бұйрық негізінде арнайы қабылданған ереже бойынша қашықтан оқыта алады, - деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ Сапура Сейдуалиқызы мектепке маскасыз келген оқушыны кіргізбеуге ешкімнің құқығы жоқ екенін айтты.

Мектептер барлық дезинфекциялық құрал-жабдықпен мемлекеттік бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Кейбір мектептер маскаларды өз  бюджетінен қарастыруы мүмкін. Бірақ бала маскасын ұмытып кеткен жағдайда мектепте оқушыға берілетін маска болуы қажет. Маскасы болмаса баланы мектепке кіргізбеу керек деген сөз емес, - деді министрлік өкілі.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 24 қаңтардан бастап  Қазақстан бойынша барлық білім беру ұйымы дәстүрлі түрде офлайн форматта жұмыс істейтін болады. Мұндай шешімді коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы