Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қазақстан Тәуелсіздігі 30 жылдығын мерекелейді. 30 жылда көп сала қарқынды дамып жатыр. Бүгін біз өнеркәсіптің күрделі салаларының бірі машина жасау саласына тоқталмақпыз.
Сандар сөйлейді
Аталған сала агроөнеркәсіптік кешен, энергетикалық және металлургиялық секторлар, көлік және басқа да негізгі салалар қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, бұл көбінесе экономиканың материал сыйымдылығын, еңбек өнімділігін және еліміздің экономикалық қауіпсіздігін айқындайды.
Биылғы 10 айда өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 20%-ға өсіп, 1,8 трлн теңгені құрады. Жылдың соңына дейін көлем алғаш рет 2 триллион теңгеден асады деп болжанып отыр.
Қазақстан машина жасау одағының сараптама бөлімі жетекшісі Жәнібек Даринов қазіргі таңда салада 3 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатқанын айтты.
Ол кәсіпорындарда 120 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жалпы индустрияландырудың 10 жылында машина жасау саласында 400 млрд теңгеге 135 жоба жүзеге асырылды. Индустрияландыру жылдарында экспорт 3,5 есе өсіп, 1,3 млрд долларға жетті. Өнеркәсіп жинақтауыштар мен қосалқы бөлшектерді өндіруден түпкілікті өнім өндіруге көше бастады, - деді Даринов.
Экспортталған өнімдердің қатарында тепловоздар, электровоздар, жолаушылар және жүк вагондары, жүк және жеңіл автомобильдер, автобустар, аккумуляторлар, доңғалақты тракторлар, астық жинайтын комбайндар, құбыр арматурасы, кабельдер мен сымдар, жарықдиодты шамдар, сорғы жабдықтары, жолаушылар лифтілері бар.
Елімізге General Electric, General Motors, Alstom, Claas, Hyundai сынды трансұлттық компаниялар келді.
Жол картасы жобасы
«Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттыруды тапсырды. Сонымен қатар Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында салықтық, қаржылай және әкімшілік ынталандыруды қамтумен өнімділігі жоғары орта бизнесті қолдау бойынша шаралар кешенін әзірлеу тапсырылды.
ҚР Машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасында Жолдаудың аталған тармақтарын іске асыру бойынша шаралар бар екенін атап өткен жөн.
2019 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасы премьер-министрінің өкімімен машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді.
Жол картасында көзделген іске асырылған шаралардың ішінде ерекше атап өтетіні ол индустрияны дамыту қорын құру, «Индустриялық саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу және қарауға ұсыну.
Жалпы Жол картасы өнеркәсіптің базалық салаларын дамытуға техникалық реттеуге, ішкі сұранысты ынталандыруға, саланы білікті кадрлармен қамтамасыз етуге, еңбек өнімділігін арттыруға, номенклатураны ұлғайтуға байланысты мәселелердің кең ауқымын қамтиды.
Бүгінде машина жасауды дамытудың Жол картасын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір оны мемлекеттік органдар бекітіп жатыр. Жол картасының жобасы келісу рәсімінен өткеннен кейін Премьер-министрдің бекітуіне енгізіледі.
Машина жасауды дамытудың 2024 жылға дейінгі жол картасын іске асыру аясында келесі нысаналы индикаторларға қол жеткізуге бағытталған іс-шаралар қарастырылған:
1.Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту
2.Тиімділікті арттыру және қосылған құнды ұлғайту
3.Импорт алмастырудың тиімді тетіктерін енгізу
4.Жергілікті қамтуды дамытуды қолдау
5.Экспортты ынталандыру
6.Еңбек өнімділігін арттыру
7.Салаға қосымша инвестициялар тарту
8.Машина жасау саласында кәсіпкерлікті ынталандыру және ШОБ-ты дамыту
9.Машина жасаудағы отандық ғылымды, ҒЗТКЖ, инжинирингті дамыту
10.ҚР-да машина жасаудың негізгі секторлары үшін құрауыштардың жаһандық өндіруші-жеткізушілерін ұйымдастыру.
Жаңартылған ЖК келесі шараларды қарастырады:
- машина жасау кәсіпорындары үшін отандық металлургия өнімдерін басымдықпен жеткізуді қамтамасыз ету тетіктерін енгізу;
- машина жасау кәсіпорындарын қолда бар шикізатпен (қара және түсті металдар) қамтамасыз ету;
- Қазақстандық шикізатты (кенді, ферроқорытпаларды, металл сынықтарын) пайдалана отырып, ресейлік металлургиялық компаниялардың Ресей Федерациясының аумағында қолданыстағы бағалар бойынша қазақстандық тұтынушыларға металл прокаттарын (толлингтік операцияларды қоса алғанда) қарсы жеткізуді ұйымдастыру мәселесін пысықтау.
- өндіріс құралдарын импорттау кезінде есепке жатқызу әдісімен ҚҚС төлеу механизмін кеңейту және тізімді жекелеген шикізатпен (металл өнімдерімен) толықтыру;
- «Индустриялық даму қоры» АҚ және «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ үшін қолда бар мемлекеттік қаржыландыру көлемін ұлғайту;
-Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін ынталандыру бойынша «ФРП» АҚ қызмет түрлерін кеңейту мәселесін пысықтау;
-Мемлекеттік реттейтін сатып алулардағы жергілікті қамтуды ынталандыруды дамыту.
Машина жасау-жас сала
ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Марат Қарабаев біздің порталымыздағы «Желмая» жобасына келгенде көлік жасау саласы өте жас екенін айтқан еді.
Біздегі көлік жасау саласы – өте жас сала. Бұл саладағы алғашқы келісім 2010 жылы бекітілді. Небәрі 10 жыл ғана толып отыр. Біз екі жаңа жоба бастадық. Оның бірі – КАМАЗ. Камаз әлемнің 50-ден астам еліне өзінің өндірісін сатады. КАМАЗ-дың құйма материалдары мен қозғалтқышын Қазақстанда өндіреміз. Жобаның құрылысы басталды, 2023 жылдың соңында толық іске қосамыз, - деді Қарабаев.
Оның айтуынша, көліктің шанағы брендке байланысты болады.
Кейбір модель дайын келеді. Кейбірін өзіміз дайындаймыз. Шанақты дәнекерлеу мен бояуды біз жүзеге асырып отырмыз. Бұл жобаның ерекшелігі – шығарған құйма жұмыстарын КАМАЗ басқа жерде шығармайды. 25 жылда ол құймаларды КАМАЗ тек Қазақстанда ғана өндіреді, - деді ол.
Қарабаев айтқандай, екінші жобамыз Минск трактор зауытымен бірлесіп жүзеге асырылады.
Шыны зауыт қосылған соң, терезелер бізде өндіріледі. Ресей мен Беларуське бізде жасалған бөлшектер экспортталады, - деді ол.
Қарабаев Ресейде машина жасау 100 жыл бұрын басталған.
Ресейдің өзінде көлік өндіру саласы 100 жыл бұрын, Германияда 120 жыл бұрын, Кореяда 70 жыл бұрын басталды. Осы елдермен Қазақстанды теңестіреді. Мүмкін, сәтсіз жобалар да болған шығар. Отандық нарықта кәсіпорындар Hyundai, Chevrolet, Kia өндіріп жатыр. Әлемдік брендтер осында келіп, өндірісі ұйымдастырылды, - деді ол.
Қарабаев былтыр отандық нарықта 77 мың көлік өндірілгенін айтты.
Нарықта 93 мың көлік сатылды. Оның 3/2 отандық өнім. Олардың барлығы сәтті жоба деп ойлаймын. 10 жылдың ішінде біз нарықты түсіндік. Жаппай брендтердің қандай екенін білдік. 10 жылда біліктілік алып, мамандарды үйреттік. Базалық көлік жасау үшін білім жинадық. Алдағы 10 жылда локализациялық ірі жобаларға өту тұр, - деді Қарабаев.
Оның айтуынша, былтыр отандық 8 мың көлік экспортқа шығарылды.
Ресей мен Өзбекстанға жібердік. Сұранысқа ие болмаса, ондай көлік шығарылмайтын еді. Қазақстанда өндірілген әрбір 10-шы көлік экспортқа шықты. Сапасы не бағасы жағынан көліктер бәсекеге қабілетті болмағанда, экспортқа шықпайтын еді, - деді Марат Қарабаев.
Сондай-ақ қазір автосалондарда көліктерге сұраныс неге көп екенін түсіндірді.
Бұл - мемлекеттің жүргізген саясатының әсері. Көп сұраныс жеңілдетілген несиенің нәтижесінде болып отыр. Ол несиенің өзі тапшы болып отыр. Себебі халықтың сұранысы өте көп. Жаппай сұранысқа ие модель бойынша бізде баға Ресейдікімен бірдей. Кейбір көліктер Ресейде арзандау болса, сұраныс көбірек болуы мүмкін. Оларда сұраныс көп болып, санын көбейткендіктен, бағасын төмендете алады. Сондықтан осылай болып отыр, - деді ол.
Қарабаевтың айтуынша, биыл машина жасау саласы 14 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Осы жылы машина жасау саласында шамамен 85 млрд теңгеге 14 жаңа жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. 5 жылдағы жоспарға сәйкес шамамен 1 млрд долларға 80 жобаның пулы бар. Осылайша, 15 мың жаңа жұмыс орны құрылады, - деді Марат Қарабаев.
Машина жасаушылар машақаты
Биыл дәстүр бойынша машина жасаушылардың форумы өз деңгейінде өтті. Форумда Қазақстанның машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев шарада айтылған бастамалар Президент Жолдауына сай келетінін айтты.
Форумда әзірленген ұсыныстар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыруға қызмет етеді. Бұл ұлттық экономиканы әртараптандыру, оның инвестициялық, өндірістік және экспорттық әлеуетін арттыру, - деген еді Мейрам Пішембаев.
Пішембаевтың айтуынша, машина жасауды дамытудың артықшылығы – оның қуатты мультипликативтік әсері.
Саладағы бір жұмыс орны басқа аралас салада 7-8 жұмыс орнын береді. Отандық өндірушілер өнімдерін шетелге сәтті экспорттайды. Бұл – Ресей, Қытай, Орта Азия, Европа, Біріккен Араб Әмірліктері, - деді Пішембаев.
Мәселен, жыл басынан бері Қазақстанда 59 663 машина құрастырылыпты.
Осы орайда біздің ел 2025 жылға қарай экспорт көлемін шамамен 3 трлн долларға жеткізуді көздеп отыр. Ал қазірдің өзінде Қазақстанда өндірілетін мойынтіректің 93 пайызы экспортқа жөнелтіледі.
2021 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында тракторлар өндірісі 2,4 есеге ұлғайды, жеңіл автомобильдер 56,2% - ға және жүк автомобильдері 6% -ға, комбайндар 11,1% - ға, өңделмеген және жартылай өңделген алтын 24,7% - ға, ыстықтай илектелген шыбықтар мен өзектер 15,8%, Сары май 61%, ұны 2,9%.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов машина жасау саласы бойынша 12 пайыздық өсім күтіліп отыр.
Көлік құралдары өндірісінің көлемін 34, аккумуляторларды 11, темір жол вагондарын 127, ауыл шаруашылығы техникасын 58 пайызға ұлғайту жоспарланған. Негізгі өсім автомобиль жасау секторы есебінен қамтамасыз етілетін болады. Оның үлесі машина жасау саласында 35 пайызды құрайды.Биыл отандық өндірушілерден сатып алынған автомобильдерді лизингтік қаржыландыру бағдарламасы жалғастырылады. Ол үшін 35 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ лифтілер, электр және мұнай-газ жабдықтары, автобустар сынды машина жасау тауарларын ұлттық режимнен алып қою белгіленеді, - деді министр.
Жеткен меже
Жалпы 2021 жылы салалардың жоғары өсу қарқыны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған және ел Үкіметі табысты жүзеге асырып жатқан бизнесті қолдаудың дағдарысқа қарсы жоспарын сақтап қалуға, пандемия салдарын еңсеруге мүмкіндік берді.
Өткен жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік белсенділікті кезең-кезеңімен қалпына келтіру мақсатында кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсету жалғасуда. Бүгінгі таңда отандық кәсіпорындар мемлекеттік қолдау шараларының тұтас кешенін пайдалана алады: жеңілдетілген қаржыландырудан («Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы-2025», Жеңілдетілген несие беру бағдарламасы) сатуды ынталандыруға дейін.
Қабылданған шаралар мен оң динамикаға қарамастан, отандық машина жасау мен металл өңдеудің әлеуетін толық іске асыру әлі мүмкін болған жоқ. Бұл бағыттағы өзекті мәселелердің бірі – ішкі нарықты отандық машина жасау өнімдерімен қанықтыру. Отандық тауарларды өндірудің, оның ішінде жергілікті қамтуды ұлғайту және қолжетімді бағамен шикізатпен қамтамасыз ету, сондай-ақ экспорттық нарықтарға шығу үшін отандық машина жасаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен неғұрлым қолайлы ұлттық режим құру бойынша қосымша шаралар қажет.