Мақсатымыз – маңызды жобаларға қолдау көрсету

16 Қыркүйек 2022, 19:23
933
Бөлісу:
Мақсатымыз – маңызды жобаларға қолдау көрсету

Ақмола облысында мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен жаңа бизнес нысандар ашылуда. Өңірдегі бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалының директоры Гүлнар Әлмұқанова айтып берді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қор кәсіпкерлікті қолдаудың қандай құралдарын ұсынады?

– 2010 жылға дейін қор тікелей қаржыландырумен айналысты - кәсіпкерлерге кредиттер берді, ал 2010 жылғы маусымда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бекітілді, оның шеңберінде қор кәсіпкер үшін кредиттік қаражаттың құнын арзандату мақсатында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдау түрлерін ұсына бастады. 

Бірінші және негізгі құрал – сыйақының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау. Жобаны қаржыландыру туралы банктің шешімін алғаннан кейін кәсіпкер Даму қорына субсидиялауға өтінім береді. Өтінімді қордың уәкілетті органы бекітіп және субсидиялау шартына қол қойылғаннан кейін кәсіпкер кредит бойынша 6% төлейді, қалған пайыздарды қор төлейді.

Субсидиялауға арналған өтінім e.gov немесе damu-online. сайты арқылы банкте бекітілгеннен кейін бірден беріледі.  Шешімді қор 5 жұмыс күні ішінде қабылдайды.

Екінші құрал – несиелерге кепілдік беру. Өздеріңіз білетіндей, кәсіпкер үшін басты мәселе – қаржы ұйымдарында несие алу үшін кепілзаттық қамтамасыз етудің жеткілікті мөлшерінің болмауы. Бұл жағдайда кәсіпкер жетіспейтін сомаға кепіл бола алатын кепілдікті пайдалана алады. Несие бойынша мөлшерлеме жылдық 6%-ға жуықты құрайтын Даму-Өндіріс, Даму-Аймақтар, Еңбек және т.б. бағдарламалар өздерін жақсы жағынан көрсетті.

Ақмола өңірінің шағын және орта бизнесі қандай сомаға несиелендірілді?

- Бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері қор 222 119 млн теңгеге субсидиялау бойынша 2 918 жобаны қолдады. 1386 жоба бойынша кепілдік берілді. Бұл ретте кредит сомасы 45576 млн теңгені құрады. Ал кепілдік сомасы 21053 млн теңге. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаражаттың игерілуі туралы барлық ақпарат қордың сайтында орналастырылған

Өңірде қандай маңызды жобаларға қолдау көрсетілді? 

- Бағдарламаның көмегімен өңірде жаңа өндірістер көбейіп, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қосымша жұмыс орындарын ашуда. Биыл Көкшетаудағы Сарыарқа шағын ауданында жаңа емхана ашылды. Жоба «Viamedis» ЖШС іске асырылып, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде қолдау тапты. Қор қарызды қамтамасыз етуге және кредит бойынша мөлшерлемені субсидиялауға кепілдік берді. Сондай-ақ, «MEGA Intellectual School» жеке мектебіне үй-жай сатып алу, DiscoveryBorovoe-де аквапарк салу, Қосшыда балабақша, Целиноград ауданында ірі форматты керамикалық блоктар, құрылыс материалдарын шығаратын зауыт сияқты жобалар қолдау тапты. «Садовое» сүті брендімен танымал«Milkproject» ЖШС  жабдықтар сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға мемлекеттік қолдау алды.

Облыстың өндірістік кәсіпорындарының басым бөлігі бағдарлама қатысушылары болды. 

Қор қазір қандай мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда?

-Қор қазіргі күні «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы», Қарапайым заттар экономикасы, «Даму Оптима» кепілдендірудің жеке бағдарламасын іске асыруда.

Өткен жылдары қор «Еңбек», «Нұрлы Жер» және т.б. бағдарламаларды іске асырды. Сондай-ақ Ақмола облысының және Степногорск қаласының әкімдігімен бірлесіп кәсіпкерлерді қолдаудың өңірлік бағдарламалары іске асырылды. «Даму» қоры кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қаржылай көмекті пайдалануға шақырады.

Портфельдік кепілдендіру дегеніміз не?

- Портфельдік субсидиялау/кепілдік беру кезінде қор екінші деңгейдегі банктерге белгілі бір лимитті ұсына отырып, олармен келісім жасасады. Осы келісім бойынша банк өз сараптамасы негізінде жобаны қордың қосымша қарауынсыз банк беретін кредиттерді қамтамасыз ету үшін «Даму» қорының субсидиялары мен кепілдіктерін алу туралы дербес шешім қабылдауға мүмкіндік алады. Банк жобаны бекіткеннен кейін қорды хабардар етеді. Бұдан әрі қор кепілдік шартына қарамастан бірден қол қояды. Бұл кәсіпкерлердің несие алу процедурасынан өту уақытын айтарлықтай қысқартады.

Биыл қанша кәсіпкерге қолдау көрсетілді?

 –«Ппортфельдік субсидиялау және кепілдік беру» бағыты шеңберінде 1,9 млрд теңгеге 214 жоба қаржыландырылды, кепілдік сомасы 1,6 млрд теңгені құрады. Ұлттық жобаның екінші бағыты шеңберінде 11 млрд.теңгеге 125 жоба қаржыландырылды. Бұл ретте 59 жобасы бір мезгілде кепілдік беру түрінде қолдауға ие болды. Оларға қордың жалпы сомасы 1,6 млрд теңгенің кепілдіктері берілді.

Қор үшін бизнестің жеңілдікті қаражатты қандай мақсаттарға жұмсайтыны маңызды ма, әлде қаржыны толық көлемде қайтаруы маңызды ма?

 - Екеуі де маңызды. Қор субсидиялау, кепілдендіру, жеңілдікті қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау алған барлық қарыздарды мақсатты пайдалануға мониторинг жүргізеді. Мақсатты пайдалану мониторингі несие алғаннан кейін 6 айдан кейін жүргізіледі.

  Ал егер қарыз алушы 6 ай ішінде жобаны жүзеге асыруға үлгермесе?

 - Бұл жағдайда қарыз алушының өтініші және жобаны уақытылы іске асырмау бойынша объективті себептерді ұсыну негізінде қор жобаны толық іске асыру үшін барлық қажетті жұмыстарды аяқтау үшін қосымша мерзім береді. Сондай-ақ, пандемия кезінде мемлекет кәсіпкерлерді қолдады, Бизнестің жол картасы-2025 бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Қарыз алушы төлейтін мөлшерлеме 6% - ға дейін төмендетілді. Жобалардың басымдылығы бойынша шектеулер алынып тасталды, яғни сауда мен қызметтерді қоса алғанда, барлық қызмет түрлеріне қолдау көрсетілді. Кәсіпкерлердің қолданыстағы қарыздары бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау түрінде экономиканың зардап шеккен секторларына қолдау көрсетілді. Субсидияланатын қарыздың ең жоғары сомасы 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. 8 жыл бұрын берілген қарыздар кредиттерді қайта қаржыландыру арқылы бағдарламаға кіру мүмкіндігін алды.

Өзгелердің жаңалығы