Мақсатымыз – кішкентай көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлау

21 Қараша 2022, 17:40
1863
Бөлісу:
Мақсатымыз – кішкентай көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлау

Балалар жылына орай Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының жанынан қуыршақ театры ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Театр шымылдығы Нина Гернеттің «Балапан қаз» ертегісімен ашылды. Жетекшісі, әрі қоюшы режиссері ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Серікбай Мақұлбеков қуыршақ театрының алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

 Көкшетауда қуыршақ театрын ашуға не түрткі болды?

Бұл негізі театрдың басшысы Жарас Қалдаровтың идеясы. Өзім білім беретін Қазақ Ұлттық Өнер университетінің 4 курс студенттерінің диплом жұмысы – Сәкен Жүнісовтің «Соқпақ» деген повесіне жазылған инсценировка еді, соны қойған болатынбыз. Сол қойылымды Жарас өзі келіп көріп, қазір Қуыршақ театрында ойнап жүрген алты жасты таңдап алды. Жазғы демалыс уақытында сол алтауын алып қалып, Көкшетауға келгенше дайын болсын деп он бес күндей осы спектакльдің қаңқасын құрдым. Жастардың алғырлығы сонша,  төрт айдан кейін қайталаған кезде айна қатесіз ойнап берді. 

Еліміз бойынша қанша қуыршақ театры бар?

– Қазақстанда Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, Петропавл, Шымкент, Қарағандыда, жалпы алғанда он шақты театр бар. Ішінде ең көне Қуыршақ театрлары Ақтау мен Шымкентте сонау кеңес заманынан жұмыс істеп келе жатыр. Кезінде елімізге танымал тұлға Асқар Асанбаев көзі тірісінде мен Алматыдағы Қуыршақ театрында жұмыс істеп жүрген кезде қолдау білдіріп, Ленинградтан оқып келген бір топ режиссерді Шымкентке шақырып, театр ашқызған болатын. Сол театрда 13 жыл қызмет істедім. Кейін Алматыға қайта оралып, содан кейін Астанаға ауыстым. 

Мақсатымыз – кішкентай көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлау

Бала қиялына қанат бітіру көп жұмысты қажет ететін шығар...

–Театр әртістері өзінің табиғатымен, болмысымен, физикалық әрекетімен роль шығарады. Мысалы, қуыршақ отыратын болса, актер отырмайды. Ол дененің иілімділігі арқылы қуыршақты отырғызып-тұрғызады. Жүрсе, актер бірге жүреді. Қойылымдар балалардың психологиясын дәл табу керек. Мысалы, осы театрда ойналған «Балапан қаз» спектаклі балалардың ойынан шықты. Себебі  кішкентай көрермендердің қуыршақтармен қарым-қатынасы ерекше болды. Олар жәбір көрген кейіпкерге көмектесуге ұмтылды, жағымсыз кейіпкермен тіпті төбелескісі келіп, улап-шулап кетті. Олар шындыққа балалардың көзін жеткізе білді. Балалар театрдан кеткісі келмеді. Балаларды алдауға болмайды, олар тек шынайылықты жақсы көреді. Сондықтан өзің ойнап жатқан рольге сендіре білу керек. 

Осы тұрғыда актерлерге қандай талап қойылады?

– Әрбір режиссердің өзінің тақырыбы болады. Өз басым трагедиялық қойылымдарды жақсы көремін. Актерлер ойнап жатқанда көзіме жас алатын кездерім болады. Пьесаны жан-жақты зерттеймін. Спектакльді тудыратын суретші. Ол формасын табады, қуыршақтардың характерін жасайды. Содан кейін эскизді цех шеберінің қолына табыс етеміз. Ол маскасын жасайды, сосын гипспен құяды, кепкеннен кейін қағаздан әр түрлі бейнелер жасайды, бетін тегістейді, гримдейді. Киім цехтары эскиз бойынша қуыршақты киіндіреді. Содан кейін ғана барып ол актердің қолына тиеді. Актерлар сол образды бойына толық сіңіріп, ішкі толқыныстарымен астастыра отырып, сомдап шығуы керек. Ойлануға, толғануға, сезінуге, әрекет жасауға оны бағыттайды. Сонда ғана қуыршаққа жан бітеді. Бас аяғы жинақы, көркем образ пайда болады. 

Мақсатымыз – кішкентай көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлау

Кішкентай бүлдіршіндер үшін тағы қандай жаңалықтарыңыз бар? 

 Егер шақырту түсіп жатса, тағы келемін. Қазір қуыршақ театрында ойнап жатқан актерлерді шымылдықтың артына жасырып қана қоюға болмайды. Олар өте талантты жастар. Сондықтан театр жетекшісі Жарас Қалдаровқа ашық түрдегі спектакль ұсынайық деп айтып жатырмын. Ол кезде қуыршақ та, актер да жас көрерменге көрініп тұрады. 

 Ол қаншалықты шынайы болады?

–Қойылымның әр түрлі формалары бар. Мысалы, үстелдің үстінде ойналатын қуыршақтар бар. Декорациясы бәрі болады. Планшеттік қуыршақтар деген түрі де бар. Онда актер еденде ойнайды. Қуыршақты өзінің ұзына бойымен ұстап тұрып та ойната береді. Марионетка, көлеңкелік қуыршақтар деген бар. Оның бәрі пьесаға байланысты. Мысалы, «Балапан қазды» ойнап болғаннан кейін шымылдық артында тұрған актерлар өлең айтып балалардың алдына шығады. Кішкентай көрермендер түлкіні, балапанды, кірпіні кім ойнағанын көреді. Мысалы, Көкшетаудағы қуыршақ театрында  Ақерке Даму бас кейіпкер - балапанды ойнайды, Ақбаланы – Нарғыз Ғабдығазизова, түлкіні – Диас Шәріп, кірпіні – Әрсен Балтабай, Нұрлыбек Тілеулес, жүргізуші қызды Ақерке Хасихан ойнайды. Қуыршақ театрының бір ерекшелігі, әйел бейнесін ер адам да ойнай беретіндігі, соған лайықты дауысты тапса болды. Әр актер өзіне берілген рольді әбден зерттеп, ойнап шыққаннан кейін, сол образ оның қолтаңбасына айналады. 

Қуыршақ театрына арнап пьесалар жазатын драматургтер бар ма?

 Орынды сұрақ. Өкінішке орай, ондай драматургтар жоқ. Біз режиссерлар көбінесе аударма жасау арқылы пьесаларға инсценировканы өзіміз жасауға мәжбүрміз. Себебі, қуыршақ театрына арнап пьеса жазатын драматургтарға зәруміз. Дәл осы жанрды қолға алуға құлық танытып жатқан жазушылар жоқтың қасы. Сондықтан аздап жазу-сызуға қабілеті бар режиссерлар өз білгенінше пьесаны жазып шығады. Мен де солай жасап жүрмін. 

Мақсатымыз – кішкентай көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлау

 «Балапан қаз» премьерасы басқа театрларда да қойыла ма?

– Бұл Образцов театры ертеде қойған спектакль. Ленинградта Нина Гернет деген мықты драматургтың пьесасы. Қазақстанда қуыршақ театрының негізі 1936 жылы Әуезов театрында Қапан Бадыров пен Сейфолла Телқараевтың бастамасымен құрылған болатын. Ең алғашқы қойылған спектакль –  «Алдар Көсе». Содан кейін орыс труппасы ашылды.

Балаларды пьеса қаншалықты қызықтырды деп ойлайсыз?

Мысалы, кешегі қойылымда балапанды түлкі ұрлап кеткенде балалардың бәрі оны тауып алуға атсалысып, жанұшыра алға ұмтылып, көмектесуге кіріскендерінің өзі театр ұжымының балаларға деген махаббатының көрінісі. Яғни, біз баланы мейірімділікке, қайырымдылыққа, адамгершілікке тәрбиелей алдық деген сөз. Бұдан асқан бақыт жоқ. Кішкентай көрермен театрдан кеткісі келмей, қуыршақтармен қоштаса алмай, көпке дейін сол көргенін қайталап айтып, ата-анасымен, бауырларымен бөлісіп жатса, бұл қуыршақ театрының өзіндік құпиясының іске асқанын білдіреді. Біз сол үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ал жұмысымыздың жемісі, нәтижесі – кішкентай көрерменді қуанта алу, оған жақсы көңіл күй сыйлау, сүйікті кейіпкерлері үшін қобалжып, соның жеңіске жеткеніне көзін жеткізу. 

Өзгелердің жаңалығы