Мақсатымыз – бала болашағына дұрыс бағыт-бағдар беру

30 Мамыр 2022, 14:44
3740
Бөлісу:
Мақсатымыз – бала болашағына дұрыс бағыт-бағдар беру

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жас ұрпақтың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту – өзекті мәселе.

Көкшетаудағы «Bolashag» сарайының директоры Айнагүл Балташева оқушыларды ғылым-білім, спортқа баулу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Балалардың интеллектуалдық және рухани тұрғыда жан-жақты дамуы үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

Болашақ сарайындағы А және Б блогы бес бағытқа негізделіп жұмыс жүргізуде. Олар ғылыми-техникалық, шығармашылық, спорт, ІТ, медиа бағыттары. Сонымен қатар жасөспірімдерге психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі көрсетіледі. А блогы интеллектуалды салаға бағытталған. Жас жеткіншектердің теориялық білімдерін нақты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін 7 зертхана, 2 инновациялық парк жұмыс істейді. Одан бөлек хореография, вокал, домбыра, айтыс өнері сияқты шығармашылық қабілеттерін және шахмат, тоғызқұмалақ сынды ойлау ізденістерін жақсартуға арналған үйірмелер де бар. Ал ІТ бағыты заманауи соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталған. Балалар өз идеяларын, ой-қиялдарын іс жүзінде жүргізіп, өзара тәжірибе алмасады.

–Материалды-техникалық база қай деңгейде? Заманауи техника тілін білетін мамандар жеткілікті ме?

–Зертханаларда мектеп оқушыларына, студенттерге және жас ғалымдарға ғылыми жобаларын зерттеуге толық мүмкіншіліктер бар. Экология зертханасы ең заманауи және инновациялық жабдықтармен жабдықталған. Зертханада Германия, Голландия, Латвия, Швейцария, Чехия елдерінің технологиясы бар. Топырақ құрамындағы макро және микроэлементтердің сынамаларын талдау үшін голландиялық «Скалар» компаниясының жабдығы қолданылады.  Ол тәулігіне 280 талдау жасауға мүмкіндік береді. Германияның «Heidolph» компаниясының ротациялық буландырғышы сұйықтықты төмендетілген қысыммен дистилляциялау арқылы тез жоюға арналған құрал. Мекемемізде «Геоскан» компаниясының ұшақтары, геодезиялық түсірілім мүмкіндігі бар дрон да балалардың тәжірибелерінде қолданыста. Ауадан зерттеу жүргізуге қажетті аппарат. Жануарлар мен өсімдіктер әлемін бақылау үшін арналған. 

Мақсатымыз – бала болашағына дұрыс бағыт-бағдар беру

«Креатив» ағаш ою үйірмесінде DJI Matrice 600 гексакоптері техникасы бар. Бұл кино индустриясы мен теледидар үшін арнайы жасалған кәсіби платформа. Авиамодельдік секциялар мен робототехника үйірмелерінің оқушыларына арналған Geoscan pioneer жиынтығы бар. KUKA- өнеркәсіптік роботтар, адам функциясының атқаратын қызметтерінің барлығын жасайды. Lucas nuelle көмегімен кез-келген сараптама жасауға болады. Балалардың барлық техника тілін меңгеруіне мүмкіндік мол.

«Bolashaq Saraiy» ашылғалы бері кадр тапшылығы мәселесі қиындық туғызған жоқ. Әр үйірменің өз тәлімгері бар. Ерекше атап өтерлігі, қызметкерлердің 80 %-ға жуығын жастар құрайды. Зерттеулер тек зертхана қабырғаларында ғана емес, ормандарда, өзен мен көлдерде, су қоймаларында жүргізіледі. Ол үшін бізде барлық қажетті құрылғылармен толық жабдықталған арнайы портативті чемодандар бар. Аталмыш портативті зертхана жұмысының арқасында әр ауыл, ауданда жұмысымыз нәтижелі атқарылады.

–Балалардың қызығушылығы қалай?

«Bolashaq Saraiy»-нда 3500 тәрбиеленуші 2 ауысыммен бекітілген кестеге сәйкес қосымша білім алуда. Қазіргі уақытта 120 үйірме жұмыс істеуде. Балалардың жұмыстарына, олардың жеткен жетістіктеріне қарап, өздері таңдап, қызығып келген үйірмелеріне деген қызығушылықтары өте жоғарғы деңгейде екенін байқауға болады. Үйірмелердің бәрінде бала саны толық. Демек бұл өсіп келе жатқан жастардың бар мүмкіндікті пайдаланып, білімге, ғылымға, спортқа жалпы жан- жақты болуға құштар екенін көреміз.

–Оқушылармен жұмыс істейтін тәлімгерлерге қандай талап қойылады?

Тәлімгерлерге қойылатын ең басты талап – баланың тілін табу, бірге жұмыс істеу, талабын ашу. Ұстаздарымыз білім, ғылымды игеруге деген құлшынысы мол, көзінде оты бар бүлдіршіндерді баулып, өз бағыты бойынша барлығын үйрететіп жатыр. Біздегі ең бірінші мақсат – балалардың болашағына дұрыс бағыт-бағдар беріп, армандарына қанат бітіру. Ал, бізден түлеп ұшқан жастар елге пайда берер маман иелері атанып, қазақтың атын шығарып жатса – біздің басты жоспарымыздың орындалғаны.

–Қыш, театр, флористика үйірмелерінің жұмысына тоқталып өтсеңіз...

–Мүсіндеу үйірмесіне 9-18 жас аралығындағы білім алушыларымыз өз қабілеттерін дамытуда. Үйірменің басты мақсаты – полимерлі балшықтан мүсіндеу дағдыларын үйрету. Бұл ұсақ моториканы, қиял, эстетикалық және бейнелі ойлау, байқағыштық, есте сақтау қабілетін дамытады. Біздің оқушылардың туындылары көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп келеді.

«Маска» және «Этюд» театр үйірмелері әр оқушының шығармашылық әлеуетін ашуға ықпал етеді. Флористика үйірмесі еңбекке, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға үйретеді.  Қағазбен, табиғи және қалдық материалдар, матамен жұмыстар жасауды, кең тараған сәндік-қолданбалы өнерге баулу бойынша жұмыс жүргізіледі.

–Логопед, дефектолог қызметі қаншалықты сұранысқа ие?

–Ұйымда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың дамуына ерекше көңіл бөлінеді және осы бағыттағы ғылыми әдіс-тәсілдер өзекті болып саналады. Логопед, дефектолог қызметі бізде аса сұранысқа ие. Психологиялық-педагогикалық, логопедтік және дефектологиялық қызметте 35 тәрбиеленуші білім алады. Сонымен қатар ерекше білімді қажет ететін балалар вокал, еркін күрес, үстел теннисі, би үйірмесі, LEGO, бейнелеу, шахмат үйірмелерімен қамтылған. Кейбір оқушылар бірнеше үйірмелерге қатарынан жазылған.

Сабақтар арнайы жабдықталған кабинеттерде өткізіледі. Балалармен психолог, логопед, дефектолог, арт-терапевт айналысады. Барлық сабақтар аптасына екі рет жоспарлау мен кестеге сәйкес жеке өткізіледі. Сондай-ақ мамандар ата-аналар мен педагогтарға консультациялық көмек көрсетеді. Жоспарға сәйкес психологтар диагностика, тренингтер, onlinе, offlinе консультациялар, тікелей эфир өткізеді. Мұғалімдер үшін түрлі тақырыпта семинарлар ұйымдастырылады. 

–Ауыл мектептерімен байланыс орнатылған ба?

–Әрине, біз облысымыздың барлық ауыл, аудан мектептерімен тығыз байланыстамыз. Бізде өтетін жарыс, концерттік бағдарламалар, мерекелік іс- шараларды барлығын бірлесе атқарамыз. Ғимаратымызға жан-жақтағы ауылдар жиі экскурсияға келіп тұрады. Былтырғы жылы бастау алған  «Summer School Bolashaq» жазғы мектебі облысымыздың барлық аудандары мен қалаларының  білім алушыларының  «ІТ», «медиа» және «ғылым» бағыттары бойынша алған білімдерін жетілдіретін болады. Онымен қоса спорттық, ойын-сауықтыру шаралары өткізіледі. Қорытынды күні білім алушылар өз жобаларын қорғап, бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Мақсатымыз – бала болашағына дұрыс бағыт-бағдар беру

–Балғындардың жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз...

–Еркін және грек-рим күресінен 3 дүркін ел чемпионы Алдияр Балташевты ерекше атауға болады. Бразилияда өткен І сурдлимпиадада ол еркін күрестен ІІІ орын иегері атанды. «Шебер қолдар» үйірмесінің шәкірті Нұрлан Айғаным Пекинде өткен онлайн жарыстан Гран-при, «Spring inspiration-2022» атты өнер байқауында «Құлагер» домбырашылар ансамблі Гран-при, World Robot Olympiada облыстық байқауында Даулетбай Әділхан, Әбілмансұр Қизат RoboMission 3 орынды, «Жұлдыздар» вокал студиясының білім алушысы Ясмин Қуатқызы, Бақдаулет Таңатар Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған ән байқауында 1 орынды, техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың облыстық жарысынан авиамодельдеу үйірмесінің шәкірті Әбілмансұр Нұртаза 2 орынды, Арслан Төлеген 3 орынды иеленді. «Bolashaq Saraiy» ашылған сәттен бастап, бүлдіршіндеріміз көптеген жарыс, байқаулардан қанжығалары майланбай қайтқан емес.

–Балалар жылына орай қандай жобалар қолға алынып отыр?

– Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жас ұрпақтың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында көптеген шаралар өткізу жоспарланып отыр.Болашақ сарайы жанынан жазғы лагерьдің ашылуы да Балалар жылындағы ерекше бастама дер едім. Балаларды қорғау күні Кеңес Одағының батыры, ұшқыш Талғат Бигелдиновтың 100 жылдығына орай өтетін ІТ бағытында авиамодельдеу балаларға тың серпіліс береріне сенім мол. Жас ғалымдар конференциясы, жас ақындар айтысы, түрлі өнер байқаулары да жас таланттардың бағын ашар шаралар деп айтуға болады.

Жазғы кезеңде Болашақ сарайындағы үйірмелер тоқтамайды, арнайы жазғы бағдарламаға сәйкес кесте бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс бойынша ашылған үйірмелер өз жұмысын жалғастырады. Басты мақсат – балаларды сауықтыру, білім беру және бос уақыттарын пайдалы өтізу, жеке тұлғаның жан-жақты дамуына жағдай жасау.

Өзгелердің жаңалығы