Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа "Мақсатты мектеп" бағдарламасына қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Мақсатты мектеп" бағдарламасына маңайында не дабыра? Ол қайдан шыққан? Қазір Ғани мырзаның (Оқу-ағарту министрі – ред.) сөзін жазып алып, оны мемлекеттік арналардан халыққа түсіндіруді ұсынамын. Өйткені қазір мұғалімдер әлеуметтік желіні дүркіретіп жатыр. Бұл не? Қайдан шықты? Осыған жауап беруіңізді сұраймын, - деді депутат.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ең басты талап, ең басты мақсат – білім мекемелерінде тиісті сапаға жету екенін айтты.
Енді сапаны қамтамасыз ететін кім деген сұраққа келетін болсақ, Ыбырай Алтынсаринша айтқанда, мектептің жүрегі – ұстаз. Яғни мектептегі оқушы білімінің сапасы бұл ұстаздың сапалы білім беруіне тікелей байланысты екені белгілі. Ендеше "Мақсатты мектептің" негізгі мақсаты – мектепте қызмет етіп жатқан мұғалімдердің сапалы білім беруіне көмектесіп, әдістемелік қолдау көрсету үшін ұйымдастырылған дүние. Бірден айта кетейін, бұл жерде жасыратын, шулайтын ештеңе жоқ. Өзім де оны қадағалап, мұғалімдермен сөйлесіп отырмын. Мектепте Оқушылардың оқу жетістіктерін бақылау, PISA-ның көрсеткіштері, оған қоса ҰБТ бар – осы көрсеткіштің барлығы жинақталып, қай мектептің білім сапасы қай деңгейде екенін анықтайды. Бұл жерде ойдан шығара салған мектептерді кіргізу емес, мектептердің әртүрлі рейтингтерден алынған нәтижелерінің қосындысын қарастырдық, - деп айтты министр.
Бейсембаев бұл мектептерде тағы бір мәселе барын айтты. Сөзінше, бұл мектептерде 6-8 жыл бойы біліктілігін арттырмаған ұстаздар бар.
Бұл мектептерде мұғалімдердің 30-40%-ы біліктілігін арттырмағаны анықталды. Олардың барлығының тізімі бар. Егер салыстырмалы түрде айтсақ, аттестация болған кезде мұғалімдердің қатысу белсенділігі онша жоғары болмайды. Бірақ кеше оқудан өткеннен кейін өзінің білімін тексеру үшін тесттен өтті. Сол кезде оған мұғалімдердің 95%-ы қатысты. Ол тест жұмыстан шығару немесе оны жазалау не болмаса санатын төмен түсіру үшін қолданылмайды. Тіпті аттестация кезінде де мұндай шаралар қолданылмайды. Біреулер әдейі осындай шу шығарып, мүмкін мұғалімдерді осы мәселе мазалап отырған шығар. Бірақ бұл керісінше мұғалімдерге әдістемелік көмек ретінде жасалған дүние. Бұл менің бақылауымда. Толғанатын ештеңе жоқ, - деп түсіндірді Бейсембаев.
Оның сөзінше, қазір мұғалімдердің тамызға қарағанда деңгейі әлдеқайда өскен. Оқу министрі балаларға сапалы білім беретін мұғалімдердің көбейгені жақсы екенін айтты.