Жұмыстан кейінгі психологиялық босау мансаптық өсуге кері әсер етеді. Organizational Behavior and Human Decision Processes журналында жарияланған зерттеу бір парадоксқа назар аударады: менеджерлер қызметкерлердің жұмыс уақытынан тыс "өшуі" – яғни, демалып, қалпына келуі – олардың өнімділігін арттыратынын мойындайды. Бірақ поштаға автожауап орнатып, демалысқа ноутбуксыз кететін, шын мәнінде демалатын адамдар жұмысына аз берілген деп қабылданады және оларды сирек жоғарылатады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Зерттеу авторлары бұл әсерді 16 эксперимент арқылы тексерді, оған қатардағы қызметкерлер мен басшылар да қатысты. Нәтижесінде, менталдық денсаулыққа көңіл бөлуді қолдайтын басшылардың өзі "өшірулі" қызметкерлердің мансаптық бағасын төмендететіні анықталды. Себебі мұндай қызметкерлер адалдығы мен амбициясы төмен деп қабылданады, тіпті олардың тиімділігі жоғары болса да.
Маңызды жайт – егер қызметкер өз "өшіп қалуын" кәсіби себеппен түсіндірсе (мысалы, оқыту семинарына қатысу), бұл үшін алынатын "айып" азаяды. Санкциялардан сақтанудың тағы бір жолы – компания деңгейінде ресми норма енгізу: мысалы, демалыс күндері хат жазуға тыйым салу. Зерттеу көрсеткендей, бұл тәсіл қалпына келудің пайдасын сақтап, мансаптық перспективаға зиян келтірмейді.
2025 жылғы мамырда ғалымдар артық жұмыс істеудің ағзаға әсері туралы хабарлады. Белгілі болғандай, аптасына 52 сағаттан артық жұмыс істеу мидың эмоция, жады және шешім қабылдауға жауап беретін аймақтарында өзгерістерге әкеледі.