Маңғыстаулық жастар Италияда өнер көрсетті

4 Тамыз 2023, 14:02
2101
Бөлісу:
Маңғыстаулық жастар Италияда өнер көрсетті

Қазақ жастары 25 шілде мен 2 тамыз аралығында Италияда өткен «Is pariglias» этно-би фестивалінде өнер көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

mangystaumedia.kz сайтының мәліметінше, би фестивалінде қазақстандық бишілердің өнері мен ұлттық нақыштағы киімдері жоғары бағаға ие болды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақов айтты.

Оның айтуынша, аталған фестиваль биыл 47 рет өткен. Онда «Ақшағыл» би этно - ансамблі және «Жорға» би ұжымы қатысты.

Фестиваль өте жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың басты мақсаты қазақтың ұлттық өнерін әлемге паш етіп, тәнті еткізу болды. Бұл фестивальде қазақтың ұлттық киімдері толықтай дәріптелді деп айта аламыз, - деді Әбілқайыр Байпақов.

Сондай-ақ брифинг барысында «Жорға» би ансамбілінің солисті Камшат Орынбасарова фестивальге Эквадум, Перу, Чехия, Чили және Италияның өнерпаздары қатысқанын айтты.

Италия жыл сайынғы дәстүрлі би фестивальдерімен танымал. Биылғы халықаралық би фестивалінде отандық өнерпаздар көрермен қошеметіне бөленді. Биге деген сүйіспеншілік биікке жетелеп, түрлі марапаттарды иеленуге мүмкіндік берді. Италия мемлекетінде өзге ұлт өкілдерімен бірлесе билеген Достық биі бірлігімізді арттыра түсті. Шетелдіктер сәукеле, тақия сынды ұлттық киімдерді киіп, суретке түсті. Басқа фестивальдерге қарағанда, бұл жолғы фестиваль өте қызықты болды,- деді Кәмшат Орынбасарова.

Өзгелердің жаңалығы