Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуі мүмкін

Қазақстанның ұлттық номинациясы бойынша түпкілікті шешім алдағы күндері қабылданады.

 instagram.com/erlankarin2019 24 Шілде 2026, 22:50
24 Шілде 2026, 22:50
173
Фото: instagram.com/erlankarin2019

Қазақстан 22 жылдан кейін алғаш рет жаңа нысанды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізуге мүмкіндік алды. Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-сессиясында алдағы күндері Қазақстанның «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен байланысты киелі орындар» атты ұлттық номинациясы қаралады.

Бұл туралы Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин мәлімдеді.

Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-сессиясы 19 шілдеде басталды. Ашылу рәсіміне Корея Республикасының Президенті Ли Чже Мён мен ЮНЕСКО-ның Бас директоры Халед әл-Анани қатысты.

29 шілдеге дейін жалғасатын форумға Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияға қатысушы 196 мемлекеттің үш мыңға жуық делегаты, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері жиналды. Сессияның барысы туралы Ерлан Қарин Instagram парақшасында хабарлады.

Биыл Комитет ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізуге ұсынылған 30 жаңа номинацияны қарайды. Солардың бірі – Қазақстанның «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен байланысты киелі орындар» атты ұлттық номинациясы.

Ерлан Қариннің айтуынша, бұл бастаманы бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда көтерген болатын.

«Соңғы 22 жылда Қазақстаннан ұлттық номинация бойынша бірде-бір жаңа нысан ЮНЕСКО-ның беделді Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген жоқ», – деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, бір ай бұрын Ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау жөніндегі халықаралық кеңестің (ICOMOS) сарапшылары Қазақстанның өтініміне оң баға берген. Әңгіме Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан Үпі жерасты мешіттері туралы болып отыр. Сарапшылар тиісті қарар жобасын да қолдаған.

Сонымен қатар Ерлан Қарин түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын айтты. Оның сөзінше, Бекет ата жерасты мешітіне қатысты талқылаулар жалғасып жатыр, себебі бұл нысан кейінгі тарихи кезеңге жатады.

«Соған қарамастан, алдағы күндері нақты шешім белгілі болады. Пусаннан жақсы жаңалық келеді деп үміттенеміз», – деді Ерлан Қарин.

Қазақстанның ұлттық номинациясы бойынша түпкілікті шешім алдағы күндері қабылданады. Егер оң шешім шықса, бұл 22 жылдан астам уақыттан кейін Қазақстаннан жаңа нысанның ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне алғаш рет енуі болмақ.

Наверх