Маңғыстаудың еңбек ұжымдары вакцинацияны қолдайтын бейнеүндеулер жолдап жатыр

13 Шілде 2021, 16:40
2716
Бөлісу:
Маңғыстаудың еңбек ұжымдары вакцинацияны қолдайтын бейнеүндеулер жолдап жатыр
VIDEO

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау облысының бірнеше еңбек ұжымы вакцинацияны қолдауға арналған бейнеүндеу жариялады.

Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылының мектеп-лицейінің барлық қызметкері екпе салдырған. Педагогтердің 87 пайызы және қалған қызметкерлердің 98 пайызы егілген.

Біздің негізгі міндетіміз - жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастау және оқушылардың өміріне қауіп төндірмеу. Бізге өткен оқу жылында жіберілген кемшіліктерді жою және білім беру процесінде жіберіп алған кемшіліктердің орнын толтыру қажет. Тек осылай ғана біз алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізе аламыз. Қазір ұйымшыл болу өте маңызды, - дейді ұжымдар.

Вакцинацияны қолдайтын еңбек ұжымдары адамдарды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.

Мәселен, Каспий жылу су арнасы мекемесінің қызметкерлері жақындарының жалған ақпарат таратудан зардап шекпеуі керегін айтады.

Өзімнің және жақындарымның денсаулығы үшін бір жыл бұрынғы жағдайды қайталағым келмейді. Індеттің алдын алудың басты жолы – вакцина салдыру. Сол себепті барлық жерлесімді вакцина алуға шақырамын, - дейді мекеме қызметкері.



Қызмет көрсету саласының қызметкерлері жаппай вакцина алуы керек. Видеоүндеу жолдағандардың ішінде қоғамдық тамақтану орындарының ұжымдары да бар.


Өз кезегінде эпидемиолог Марал Қадыр иммунитет қабаты түзілуі үшін тұрғындардың жоғары пайызы вакцинациямен қамтылуы керек екенін айтқан еді.

Ондай кезде иммундық кедергі түзіледі. Мысалы, он адамның тоғызында вакцина болса, біреуінде болмай, соған вирус жұқса, ол тасымалдаушыға айналады. Сол кезде вакцина салдырғаннан 9 адам ол вирусты өлтіріп, одан әрі таратуға тосқауыл қоя алады. Ал вакцина алмағандар арасында ол тез таралып, пандемияны ұзартады. Вакцина алған адамдарда иммунитет қабаты қалыптастады. Вирусты әрі қарай таратпайды. Біздің діттеген межеміз де – осы. Неғұрлым көп адам вакцина алса, соғұрлым иммунитет қабаты қалыптасады, - деді Марал Қадыр.

Айта кетейік, Маңғыстау облысы қазір «қызыл» аймақта тұр. Облыс әкімдігінің мәліметінше, Маңғыстау облысында бір тәулікте 4 адам коронавирустан қайтыс болған. Ақтауда 63 адам індет жұқтырса, Мұнайлы ауданында - 32, Маңғыстау ауданында - 3, Түпқараған ауданында - 9, Қарақия ауданында - 14, Жаңаөзенде 20 адам індет жұқтырған. Науқастардың ішінде 84 адамда симптомы бар, 57-сінде симптомсыз індет анықталған.

Ал облыста коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырғандар саны 4 есеге артқан. Маңғыстау облысы бойынша вакцина алғандардың жалпы саны 121 515 адам. Оның ішінде бірінші компонент алғандар саны 80119 адам, ал екінші компонент алғандар саны 41396 адам.

Маңғыстауда COVİD-19-ға қарсы екпе алу биыл 2 ақпанда басталды. Егер 5 айда вакцина алғандар саны 60 мыңнан асса, соңғы екі аптада 20 мыңға жуық адам ерікті түрде екпе салдырды. Осылайша, жыл басынан коронавирусқа қарсы вакцина алғандар саны 80 мыңға жуықтаған.

Өңірде ұжым болып екпе жасатқандар көбейген. Мектеп, аурухана, балабақша, кітапхана, дәмхана, коммуналдық қызмет жұмысшылары да халықты вакцина алуға шақырып, бейнеүндеу жолдауда. Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Екпе жұмыстарын жүргізуге 547 медицина қызметкері аттестациядан өткізіліп, дайындалды.

Өзгелердің жаңалығы