Маңғыстаудағы «Тирамису» қауіпте: Көлікпен кіруге тыйым салына ма?

Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысындағы Қызылқұп шатқалында бірнеше автокөліктің топырақ үстімен жүргені түсірілген видео тарады.

 advantour.com Бүгiн 2026, 09:33
Бүгiн 2026, 09:33
135
Фото: advantour.com

«Тирамису» атауымен танымал бұл табиғи нысанға қатысты кадрлар қоғамда үлкен резонанс тудырып, жергілікті тұрғындардың наразылығына себеп болды. Олар құқық бұзғандарды анықтап, жауапкершілікке тартуды талап етуде.

Бұл жағдай Қазақстандағы бірегей табиғи аумақтарға деген көзқарасымыз қандай деңгейде екенін тағы да алға шығарды. Табиғатты қорғау шаралары жеткілікті ме, әлде қағаз жүзінде ғана қалып отыр ма? Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.

Мемлекеттік қорғауда ма?

Маңғыстау облысы табиғи ресурстар басқармасының мәліметінше, 2025 жылы Қызылқұп шатқалын мемлекеттік қорғауға алып, оны «Қызылсай» өңірлік табиғи паркі құрамына енгізу үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындалған.

Оған 2026 жылғы 3 ақпанда Маңғыстау облысы әкімдігінің қаулысына тиісті өзгерістер енгізілді. Қазіргі уақытта Қызылқұп шатқалы «Қызылсай» табиғи паркінің аумағында орналасқан және ресми түрде мемлекет қорғауында.

Парктің негізгі міндеті – сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғау және қалпына келтіру, сондай-ақ бірегей ландшафттар мен экожүйелерді сақтау.

Алайда мәселе мұнымен шешілмейді. Туристер саны артқан сайын, паркке қызметкерлер жетіспей жатыр. Соның салдарынан аумақты толық бақылау, құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоқыс жинау, келушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу және табиғи нысандарды қорғау қиындап отыр.

Қазіргі таңда аумақты қорғау үшін қосымша шараларды енгізу қарастырылуда. Атап айтқанда, көліктердің қозғалысын шектеу, туристік маршруттарды белгілеу, сондай-ақ қоршаулар мен бақылау бекеттерін орнату мүмкіндігі талқылануда.

Осы жоспарлар аясында Маңғыстау облысы әкімдігінің 2021 жылғы 14 қазандағы №239 қаулысына өзгерістер әзірленіп жатыр. Бұл құжатта «Қызылсай» табиғи паркінің қызметтері үшін тарифтер бекітілген. Жаңа өзгерістер бойынша қосымша қызметтерге тарифтер есептеу, сондай-ақ жаяу және автокөлікпен келетін туристер үшін бөлек тарифтер енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар 2019 жылы бекітілген Жосалы–Бозжыра туристік бағытына Қызылтүп пен Боқты бағыттарын қосу көзделуде. Бұл туристер ағынын реттеп, табиғи нысандарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Туристер мен тұрғындарды ақпараттандыру

«Қызылсай» табиғи паркінің мәліметінше, жыл сайын туристік компанияларға арнайы қызмет тарифтері жөнінде ақпарат жолданады. Сонымен қатар түсіндіру жұмыстары әлеуметтік желілер арқылы және тікелей аумақта жүргізіледі. Табиғат қорғау инспекторлары келушілерге тәртіп ережелері, табиғатты қорғау мәселелері, сондай-ақ қауіпсіздік шаралары туралы үнемі түсіндіреді.

«Жабайы туризм»

Ақтау қалалық мәслихатының депутаты, «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ басшысы Кирилл Осин құқық бұзушыларды жауапқа тартуға арналған құқықтық тетіктер қазірдің өзінде бар екенін айтады. Бұл - Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің нормалары – жерді бүлдіргені және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың режимін бұзғаны үшін жауапкершілік.

Оның айтуынша, қазіргі таңда негізгі қауіп «жабайы» туризмнен туындап отыр. Яғни адамдар өз бетінше келіп, белгіленген ережелерді елемейді.

Сондықтан жауапкершілік шаралары сезілерліктей болуы тиіс: тек айыппұл ғана емес, экологиялық шығынды есептеу, ал өрескел жағдайларда көлікті тәркілеуге дейін бару қажет.Ең бастысы – құқықбұзушылықтарды тіркеу және істі соңына дейін жеткізу болып отыр. Қазір адамдар тарапынан әсер бар, бірақ тиісті нәтиже болмай жатыр, – деді Кирилл Осин.

Сарапшының айтуынша, туризм мен табиғатты сақтау арасындағы шекара – аумақтың бұзыла бастаған жерінен өтеді. Оның пікірінше, туризм тек бақылау мен нақты ережелер болған жағдайда ғана мүмкін.

Ол туроператорлар арқылы ұйымдастырылған сапарлар тәртіпті болатынын атап өтті: бекітілген бағыттар, сүйемелдеу және жауапкершілік бар. Ал негізгі қауіп – адамдардың өз бетінше осал аумақтарға көлікпен кіріп кетуінен туындайды.

Осыған байланысты сарапшы мұндай аумақтарда жеке көліктерге қатаң шектеулер енгізуді қолдайды. 

Ең тиімді шешім – реттелген қолжетімділік, нақты бағыттар және ретсіз кіруге тыйым салу,- деді ол.

Кирилл Осиннің айтуынша, жақын бір жыл ішінде мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алуға көмектесетін негізгі шараларды жүзеге асыруға болады.

Ең алдымен,  көліктердің кіруін шектеу және аумаққа бару ережелерін нақты белгілеу қажет. Сондай-ақ туристік маршруттарды бекітіп, аймақтарды бөлу маңызды: қай жерлерде көлікпен жүруге болады, қай жерлерде тек жаяу жүруге рұқсат, ал қай аумақтарға баруға толық тыйым салынуы тиіс,- дейді Осин.

Бұдан бөлек, ең осал жерлерге навигация, шолу алаңдары мен қоршаулар орнату сияқты ең кемі базалық инфрақұрылымды дамыту ұсынылады.

Сонымен қатар тұрақты бақылауды күшейтіп, туроператорлармен де, ұйымдастырылмаған туризммен де жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Әйтпесе, Осиннің айтуынша, жағдай ушыға береді, өйткені мұндай табиғи аумақтарды қалпына келтіру ондаған жылдарға созылуы мүмкін.

Наверх