Маңғыстауда жазғы демалысты ұйымдастыруға бюджеттен 682 млн теңге бөлінді

24 Мамыр 2023, 09:21
631
Бөлісу:
Маңғыстауда жазғы демалысты ұйымдастыруға бюджеттен 682 млн теңге бөлінді
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Маңғыстауда оқу жылының аяқталуына байланысты дайындық шаралары пысықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқу жылының аяқталуына және балаларды қорғау күніне арналған іс-шараларды өткізу, қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ жазғы сауықтыру демалыс бағдарламасы өңір басшысы Нұрлан Ноғаев өткізген аппараттық кеңесте тақыланды.

Білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева биыл 7 мыңнан астам оқушы 11 сыныпты бітіретінін айтты.

Биыл 14 500 - ден астам бала 9 сыныпты, 7 439 оқушы 11 сыныпты бітіреді. Сонымен қатар мектеп бітіретін 149 түлек «Алтын белгіге», 450 түлек Үздік аттестатқа үміткер. Жазғы сауықтыру науқанына дайындықты тиімді және қауіпсіз ұйымдастыру, сондай-ақ оқу жылын аяқтау кезеңінде Нұрлан Ноғаев өңірдің осы салаларға жауапты басшыларының алдына бірқатар міндеттер қойды. Тапсырмалар бірінші кезекте мектеп іс-шараларына және мемлекеттік қорытынды аттестаттауға байланысты болды. 

9-сынып оқушыларына арналған қорытынды емтихандар 2-13 маусым аралығында өтсе, 11-сынып түлектеріне арналған қорытынды аттестаттау 5-19 маусым аралығына жоспарланған. Ал жалпы орта білім туралы аттестаттар 11 сынып түлектеріне 21-22 маусымда мектептерінің қабырғасында тапсырылатын болады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін жалғасса, дипломдарды тапсыру 28 маусым мен 1 шілде аралығында жүргізіледі. ҰБТ тапсыру 18 мамыр басталып, 4 шілдеге дейін жалғасады. Биыл емтихан тапсыруға 13 580 өтініш келіп түскен және өңірде үш тестілеу орталығы бар. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында білім басқармасының арнайы бұйрығы шығарылған. Ол бойынша барлық білім беру ұйымдарының басшылары сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу туралы қатаң ескертіліп, ата-аналар мұғалімдерге сыйлықтар үшін ақша жинауға, дастархан жаюға, мейрамханаларда кештер өткізуге тыйым салынатыны туралы хабардар етілді, - деп атап өтті Динара Жұмашева. 

Маңғыстауда жазғы демалысты ұйымдастыруға бюджеттен 682 млн теңге бөлінді

Өңір басшысы жаз бойы балалар лагерьлеріндегі қауіпсіздікті бақылауды қамтамасыз етуді және жазғы демалыс кезеңінде балалардың бос уақытында жұмыспен қамтылуы үшін, оның ішінде уақытша жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұйымдастыруды тапсырды. 

Динара Жұмашеваның айтуынша, облыстың 145 мектебінде 1-10 сыныптарда 160 мыңға жуық оқушы бар, оның ішінде 144 мыңнан астам оқушы сауықтыру лагерьлеріне бара алады. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысында 239 сауықтыру мекемесі жұмыс істейді. Қала сыртында-4800 балаға арналған 3 лагерь («Балдәурен», «Фламинго», «Ақбөбек»), және 18 470 балаға арналған мектеп жанындағы 92 лагерь, сондай-ақ, 25 220 балаға арналған 98 мектеп жанындағы кәсіптік және 46 шатырлы лагерь бар. 

«Балдәурен» лагерінің базасында 300 оқушыны қамтитын «Жас сарбаз» әскери-патриоттық лагері ұйымдастырылады. Биылдан бастап «Жас сарбаз» лагері облыстың барлық аудандары мен қалаларында ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар облыстық балалар ауылының 16 тәрбиеленушісі 2 ай бойы өңірден тыс лагерьлерде демалатын болады. «Өз еліңді таны» жобасы аясында облыстың 120 баласы Тараз, Семей, Көкшетау қалаларына экскурсияға жіберіледі. Сондай-ақ аудандық, қалалық білім бөлімдері басқа өңірлердің лагерьлерінде 1700-ден астам баланың демалуына конкурс жариялады. Жалпы жазғы демалыстың барлық іс-шараларын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 682,1 млн теңге бөлінді, - деді Динара Жұмашева. 

Маңғыстауда жазғы демалысты ұйымдастыруға бюджеттен 682 млн теңге бөлінді

Сондай-ақ 4982 бала «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді, ал 1450 бала көгалдандыру жұмыстарына қатысады. 40 200 бала 59 аула клубтарында, IT сыныптарында, спорт секцияларында және шығармашылық үйірмелерде бос уақытын өткізе алады. 62 283 бала облыс, республика аумағында және шетелде экскурсиялармен, танымдық-туристік іс-шаралармен, оның ішінде өңірдегі 10 туристік маршрут бойынша қамтылатын болады. 36 162 бала «Жас ұлан», «Жас қыран» әскери-патриоттық және тілдік, пікірталас үйірмелеріне тартылады.

Сонымен қатар ҚР Білім Министрлігінің «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры аясында 5-8 сыныптағы 1 410 дарынды ауыл балалары жазда «Фламинго» лагерінде демалатын болады. 

Оқу жылының аяқталуына бірнеше күн қалды. Барлық оқушылар мен түлектерге емтихандарды сәтті тапсыруды тілеймін. Мектеп бітіру-маңызды оқиға. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін және құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін полицейлер күшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Сондай-ақ жазғы маусымда оқушылардың демалып, күш-қуат жинауына денсаулығын нығайтуға мүмкіндігі болатынын атап өткен жөн. Тұрғындардың өтініштері мен балалардың өздеріне уақытша жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру керек, - деді Нұрлан Ноғаев.

Өзгелердің жаңалығы