Маңғыстау облысының шаруалары жаппай мал шығынына байланысты биліктен келген залалды өтеуді және өлген малды жою жұмыстарын ұйымдастыруды талап етті. Бұл жағдайға облыс әкімдігі түсініктеме берді.
Қанша мал қырылған?
Шаруалардың айтуынша, Қарақия ауданында малдың жаппай қырылуы тіркелген, деп жазады Lada.kz. Олардың сөзінше, бұған нөсер жауын салдарынан жердің батпақтанып, лайсаң аумақтарға айналуы себеп болған.
Қарақия аудандық әкімдігі 2026 жылғы 20-21 сәуір аралығындағы мал шығыны бойынша нақты деректерді жариялады.
20 сәуірде барлығы 237 бас мал өлген. Оның ішінде 108 жылқы, 5 тай, 10 құлын, 2 түйе, 5 бота, сондай-ақ 107 қой мен ешкі тіркелген. Ал 21 сәуірде 316 бас мал шығыны болған. Оның ішінде 134 жылқы, 9 тай, 19 құлын, 154 қой мен ешкі бар.
Осылайша, екі күн ішінде аудан бойынша барлығы 553 бас мал қырылған.
Әкімдік не дейді?
Маңғыстау облысы әкімдігі қазіргі таңда Қарақия ауданында жердің шайылуы мен батпақтануына байланысты жергілікті атқарушы органдар өндірістік кәсіпорындармен бірлесіп арнайы техникаларды тарту жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлаған.
Сондай-ақ қазір мал басын есепке алу және тиісті актілерді рәсімдеу жүріп жатыр. Әкімдік мәліметінше, актілер жасалып, жануарлар чиптері арқылы сәйкестендірілгеннен кейін ветеринарлық қызметпен бірге өлген малды арнайы техникамен жою жұмыстары басталады.
Өңір әкімдігі қырылған мал үшін өтемақы төлеу мәселесі қолданыстағы заңнама аясында қаралатынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда 100-ге жуық жылқы қырылғанын хабарлаған едік. Оқиға орнында жұмыс істеген арнайы комиссияның алдын ала мәліметінше, Сайөтес ауылы мен 7-разъезд аралығындағы теміржол учаскесінде мал өлімі жағдайлары анықталған.