Нұрлан Ноғаев облыстағы құрылыс нысандарының жұмысын жүйелендіруді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақтауда аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысумен өткен аппараттық кеңесте Маңғыстауды әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес әлеуметтік нысандарыдың құрылысы, сәулет және қала құрылысы салалары қаралды.
Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айнұр Манкешова облыстың кешенді жоспары бойынша 2023 жылы 30 жоба салынып жатқанын, бұл ретте 22 құрылыс жобасы басқарманың тікелей бақылауында екенін атап өтті.
Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жобалар өнеркәсіп, туризм, тұрғын үй және инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында жүзеге асырылады.
2022 жылы Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында 3,9 мың шаршы метр тұрғын үй, 72 пәтер пайдалануға берілген. Сондай-ақ Ақтауда 1500 орындық оқушылар сарайы мен 500 орындық студенттік жатақхана ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Айнұр Манкешова 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспары бойынша аяқталмай қалу қаупі бар 7 нысан бар екенін атап өтті. Бұл - өнеркәсіп саласындағы «Ақтау теңіз порты» АЭА-ның кейбір аймақтарында инфрақұрылым, әлеуметтік саладағы «кредиттік тұрғын үй» бағыты бойынша тұрғын үй кешені, Жаңаөзендегі 1500 орындық «Bolashaq sarayi» оқушылар сарайы және облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ғимаратының құрылысы.
Бүгінде облыс халқының саны күннен күнге артып келеді. Халық санының өсуі әсіресе Ақтау қаласында, Мұнайлы аудандарында байқалады. Халық саны артқан сайын, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандарға сұраныс артады. Тұрғындарға баспана керек. Көптеген компания құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтамайды, кейбіреулері тіпті заңсыз құрылыстар жүргізуде. Алайда пәтерлерді тұрғындарға сатып жіберген. Облыстағы құрылыс нысандарының жұмысын жүйелендіру бойынша шараларды күшейту қажет. Тұрғындарды да пәтер сатып алар алдында, салынып жатқан құрылыстың заңдылығын толық тексеріп, содан соң ғана сатып алуға шақырамын, - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.