Маңғыстауда бес жыл бұрын сатылған мұнайға қатысты тергеу жалғасуда

Оқиғаның түп-төркіні 2020 жылдан басталады.

 depositphotos.com Кеше 2026, 23:55
Кеше 2026, 23:55
128
Фото: depositphotos.com

Маңғыстау облысында бірнеше жыл бұрын қайта өңделіп, сатылып кеткен мұнайға қатысты даулы іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Ақтаудағы құқық қорғау органдары шамамен 6 мың тонна шикі мұнайдың тағдырын анықтауға тырысуда.

Lada.kz-тің хабарлауынша, оқиғаның түп-төркіні 2020 жылдан басталады. Сол кезде «Terminalex» мұнай қоймасының серіктесі – «БатысНефтеТрэйд» ЖШС-не қатысты тергеу жүргізіліп, соның салдарынан қоймада сақталған мұнай өнімдеріне тыйым салынған. Кейін сот шешімімен бұл мұнай «Terminalex» компаниясының шығындарын өтеу есебіне берілген.

Кейінірек «SK PETROLEUM» ЖШС мен «Terminalex» арасында бітімгершілік келісім жасалып, мұнайға қатысты құқықтар қайта рәсімделген. Алайда бұл шикізат қоймада сақталмай, Жамбыл облысындағы мұнай өңдеу зауытына жөнелтіліп, толық өңделіп, сатылып кеткен.

Соған қарамастан, кейіннен сот «SK PETROLEUM» мен «Terminalex» арасындағы келісімді жарамсыз деп таныған. Осыдан кейін «SK PETROLEUM» компаниясы өзіне тиесілі мұнайды қайтаруды талап еткен.

Мәселенің күрделілігі – даулы мұнайдың бес жыл бұрын-ақ өңделіп, мұнай өнімдеріне айналып кеткендігінде. Яғни сот шешімінде көрсетілген шикі мұнайды қазіргі уақытта физикалық тұрғыда табу мүмкін емес.

Соған қарамастан, тергеу аясында полиция мұнай базасының аумағында тінту жүргізіп, резервуарларды мөрлеген. Алайда Ақтау қаласының тергеу соты құқық қорғау органдарының кейбір әрекеттерін заңсыз деп танығаны хабарланып отыр.

Даудың тағы бір қыры – қазіргі уақытта мұнай базасы басқа компанияның меншігіне өткен және онда үшінші тұлғалардың мұнай өнімдері сақталады. Сондықтан кәсіпорын өкілдері өздеріне тиесілі емес мұнай үшін жауапкершілік жүктеліп отырғанын алға тартады.

Басылым мәліметінше, осы іске негіз болған «БатысНефтеТрэйд» компаниясының құрылтайшысы мен оның туыстары бұған дейін контрабанда ісі бойынша кінәлі деп танылған. Ал құқық қорғау органдары бес жыл бұрын өңделіп кеткен мұнайдың мәселесін әлі күнге дейін анықтап жатыр.

Наверх