Маңғыстауда балық шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі

31 Қазан 2022, 19:30
1098
Бөлісу:
Маңғыстауда балық шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі

Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында Рашит Мұстапаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырыста балық өсіру мақсатында жер учаскелерін алу, балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуінде орналастыру және Каспий теңізінен су тұтыну жөнінде құзыретті мемлекеттік органдармен пысықтау және түсіндіру болды.

Сонымен қатар қолданыстағы заңнаманы және мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру, оның ішінде балық өсіру шаруашылығын жүргізу кезінде субсидиялар алу және құжаттарды рәсімдеу тәртібі туралы жұмыстарды жандандыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Өңірімізде бүгінгі күні балық өсіру бойынша іске асырылып жатқан және жоспарланып отырған бірнеше инвестициялық жобалар бар.

Балық шаруашылығын одан әрі дамыту үшін заңнамалық деңгейде қолайлы жағдайлар жасалған және жасалуда.

Маңғыстау облысы әкімдігінің жанынан балық шаруашылығын дамыту мәселелерімен тікелей айналысатын балық шаруашылығы басқармасы құрылды.  Өз сөзінде Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев, мемлекеттік қолдаудың барлық қолданыстағы және жоспарланған шаралары туралы баяндама жасап, қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. 

Бүгінгі басқосу өзара тиімді ынтымақтастық бойынша сындарлы ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді деп сенім білдірген ол, бүгінгі таңда балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын, оның шеңберінде балық өсірумен айналысатын субъектілер үшін қолайлы жағдай жасау, өзекті мәселелерді шешу және заңнаманы жетілдіру бойынша жүйелі шаралар қабылданатынын атап өтті.

Басқарма басшысының айтуынша, облыста 2021 жылы 610 балықшы тіркелген болса, 2022 жылдың 10 айында тіркелген балықшы саны 869 құрады. Балық аулау квотасының игерілуі 2022 жылдың шілдесінен – 2023 жылдың 30 маусымға дейін – 8528,0 тонна квота бөлініп, оның 568,3 тоннасы (6.6%) игерілді.

Бүгінгі күні балық шаруашылығы саласында балық өсіру басым бағыт болып табылады. ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 208 қаулысымен Балық шаруашылығын дамытудың 2021 – 2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама шеңберінде Маңғыстау облысымызда 2030 жылға қарай жұмыс істеп тұрған балық өсіру шаруашылықтарын кеңейтіп, өсірілетін балықтың көлемін 100 000 тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Жыл басынан 37 тонна балық өсіру жоспарланған. Қазіргі уақытта, 38,5 тонна балық өсірілді,  - деді ол.

Қазіргі таңда өңірде сумен қамтамасыз ету циклінің тұйықталған кешені арқылы бекіре тұқымдас және жайын балықтарды өсіретін үш кәсіпорын қызмет етіп жатыр.

Сондай-ақ басқосуда инвестициялық және шаруашылық шығындарды субсидиялау, айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген несиелендіруге қол жеткізу және технологиялық жабдық сатып алу бөлігінде мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері де айтылды.

Өзгелердің жаңалығы