Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті «Aktau tourism city ltd» жеке компаниясының филиалына қатысты Каспий теңізі мен Қаракөл көліне сарқынды сулардың ағызылуына жол бергендігі жөнінде жүргізілген жоспардан тыс тексерудің қорытындысымен бөлісті. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша табиғат қорғау заңнамасының талаптары бұзылғандығы анықталды.
Мәселен, ҚР ӘҚБтК-нің 324-бабының 1-бөлігіне сәйкес, яғни әсер ету санаты қайта ресімделмеген және суды тұтыну мен су тарту жүйесін есепке алу журналдары, су көлемін өлшейтін құралдар жоқ болып шықты.
ҚР ӘҚБтК-нің 325-бабына сәйкес, яғни өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы әзірленбеген және сәйкесінше өндірістік экологиялық бақылау жүргізілмеген.
ҚР ӘҚБтК-нің 326-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни экологиялық рұқсатқа енгізілген табиғатты пайдалану шарттарының орындалуы туралы хабарламалар ұсынылмаған.
ҚР ӘҚБтК-нің 331-бабының 1-бөлігі бойынша сарқынды суларды тазарту дәрежесіне қарамастан, курорттық аймақтардағы жер үсті су объектілеріне, шомылуға арналған орындарға ағызғаны расталды.
ҚР ӘҚБтК-нің 332-бабының 2-бөлігіне сәйкес, яғни кәріздік-тазарту қондырғысының (КТҚ) техникалық ақауларына байланысты 2021 жылдан бері жұмыс істемейді. Тиісінше, кәсіпорын сарқынды суларды биологиялық тазарту жүргізбейді және тұзсыздандыру қондырғысының кері алынған концентрлі теңіз суы шығару орнында тазартылған сумен араласпай Қаракөл көліне ағызылады, бұл жобалық шешімдерде көрсетілген пайдалану ережелерін бұзу, - делінген хабарламада.
ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 1-бөлігімен Қаракөл көліне құйылған кезде қоршаған ортаға эмиссиялардың нормадан тыс мөлшерін жүзеге асырғаны үшін. Осылайша ҚР ӘҚБтК-нің алты бабы бойынша салынған айыппұлдың жалпы сомасы 76 миллион 245 мың 549 теңгені құрайды.
Айта кету керек, ағынды сулардың теңізге төгілгені теңіз суын тазарту қондырғысынан және дихлорлаудан кейін бассейн суынан пайда болатын су болып табылады. Сондай-ақ, кәріздік-тазарту қондырғысының (КТҚ) жөндеу жұмыстарының ұзақ уақытқа созылуына байланысты, қонақ үй кешенінен пайда болған барлық ағынды сулар кейіннен қалалық кәріздік-тазарту қондырғысына шығарыла отырып, арнайы септикке ағызылады.
«Aktau tourism city ltd» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындауға «Ecojer» қазақстандық өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығының Маңғыстау өңірлік экологиялық кеңесінің хаты негіз болған және Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының келісімімен жүргізілді.
Тексеріс барысында мамандар ретінде «Жайық Каспий бассейні инспекциясы» РМК, Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының және Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері тартылып, қазіргі таңда олар өз құзыреті шегінде тиісті шаралар алмақшы.
Сондай-ақ, жоғарыда көрсетілген бұзушылықтар бойынша жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша заң бұзушылықтарды жою мерзімдері көрсетіле отырып, тиісті нұсқамалар берілді. Бұл талаптардың орындалысы Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің тікелей бақылауында болады.