103 қызметінің диспетчері 26 жастағы әйелді телефон арқылы босандырып алды

10 Наурыз 2022, 19:15
1619
Бөлісу:
103 қызметінің диспетчері 26 жастағы әйелді телефон арқылы босандырып алды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі жедел-жәрдем қызметінің диспетчері телефон арқылы бір әйелдің аман-есен босануына көмектесті.

Медициналық қызмет маманы телефон арқылы кеңес беріп отырған. Осы уақыт аралығында жедел-жәрдем бригадасы жетіп қалды. Бірақ, бала туып үлгерді. 

Жедел-жәрдем станциясы өкілдерінің хабарлауынша, мамандар «қоңырауды ұстап тұру» әдісін кеңінен пайдаланып келеді. Диспетчерлер қоңырау шалған тұрғындарға жедел бригада келгенше босандыру туралы нұсқау айтады. Осылайша, станция жұмыскері үй жағдайында нәрестенің дүниеге келуіне сеп болды.

Павлодардағы пәтерлердің бірінен қоңырау түсті. 26 жастағы азаматшаны толғақ қысты. Абырой болғанда, жанынта туған-туысқандары болды. Диспетчер телефон арқылы байланыста болып, барынша қолдау көрсетуге тырысты. Гинекологиялық қызмет оқиға орнына алты минуттың ішінде жетіп барды. Пәтерге жеткенде, нәрестенің іңгәлаған дауысы естелді. Сәби мен анасын тексеріп, оларды облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді. Екеуінің денсаулығы тұрақты, - деп хабарлады мамандар.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мамандар аталмыш әдісті соңғы екі жылда 26 мыңға жуық қоңырау  кезінде қолданған. Айта кетейік, облыс бұл әдісті тәжірибеге енгізіп, кеңінен қолданатын жалғыз аймақ. 

Өзгелердің жаңалығы