Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында орналасқан Қапам ата жартас мешітінің сыртқы келбеті заңсыз өзгертілген. Белгісіз адамдар тарихи нысанның бір бөлігін кірпішпен қалап, пластикалық терезе мен есік орнатқан. Бұл туралы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәлімдеді.
Lada.kz-тің жазуынша, XIX ғасырға жататын Қапам ата жерасты мешіті Таушық ауылынан солтүстік-батысқа қарай 22 шақырым жерде орналасқан. Нысан сопылық және дәстүрлі діни тәжірибелермен байланысты тарихи-мәдени ескерткіш саналады. Ол жұмсақ тау жыныстарын ойып салынған.
2025 жылғы 2 шілдеде мешітке тарихи-мәдени сараптама жүргізіліп, оның мәдени құндылығы расталған. Сол кезде нысан бастапқы қалпында болған. Алайда арада бірнеше ай өткенде белгісіз біреулер мешіттің келбетін өзгертіп жіберген.
Вандализм дерегі 2025 жылдың желтоқсанында анықталған. Қазіргі уақытта Түпқараған ауданы әкімдігі мен полиция бөліміне тиісті хаттар жолданған. Мамандар нысанды бастапқы қалпына келтіру жұмыстары оны бүлдірген адамның есебінен жүргізілетінін атап өтті. Бірақ әзірге құқық бұзушы анықталмаған.
Егер кінәлі адам табылса, оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 145-бабы бойынша 10-нан 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін.