Маңғыстау облысында Каспий теңізінде суға кеткен ер адамның мәйіті бес күндік іздеу жұмыстарынан кейін табылды. Бұл туралы Lada.kz порталы хабарлады.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, марқұмның денесі 26 маусым күні сағат 18:30 шамасында Ақтаудан 65 шақырым қашықтықта орналасқан демалыс базаларының бірінің маңынан табылған.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖД-ның 9 құтқарушысы, арнайы техника мен жүзу құралдары, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери бөлімінің және Әскери-теңіз күштерінің сүңгуірлері жұмылдырылды.
Еске салайық, қайғылы оқиға 21 маусым күні Ақтаудан 56 шақырым жердегі жабдықталмаған жағажайда болған. Каспий теңізінде шомылу кезінде 27 жастағы ер адам суға кетіп, із-түзсіз жоғалған еді.
Осыған байланысты құтқарушылар азаматтарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда ғана шомылып, судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.