Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ халқының ұмыт бола бастаған көне музыкалық аспаптарын қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа дәріптейтін ансамбль Мұрат Өскінбайұлы атындағы өңірлік филармонияда жұмысын бастады.
«Ақшағыл» деп аталатын топ құрамында 7 жас музыкант бар. Әрқайсы 6-7 ұлттық аспапта еркін ойнайды. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны былтыр аяқтаған өнерлі жастар жуырда алғашқы концертін берді.
Оған залдың жалпы сыйымдылығын 30 пайыздан асырмай көрермен келді. Өнерсүйер қауым маңғыстаулық авторлардың ән-күйлерін алғаш рет даңғыра, суағаш, шаңқобыз секілді қазақтың сирек кездесетін ұлттық аспаптарының орындауында тамашалады.
Этно-фольклорлық ансамблдің көркемдік жетекшісі Бердіғали Қуанышқалиевтің айтуынша, әзірге репертуарда 40-қа тарта музыкалық туынды бар.
Жоғары оқу орнында оқып жүрген шағымда нарқобыз, қылқобыз, даңғыра, суағаш секілді қазір ұмыт бола бастаған аспаптарды қолданатын ансамбль құру идеясы келді. Конверваторияда Мақсат есімді ағайымыз қылқобызда ойнаудың қыр-сырын үйретті. Бұдан өзге, сазсырнайда шебер орындауға машықтандым. Қазір біздің филармонияда осы аспапта ойнау бойынша жеке мамандық деп саналуы мені қуантады, - дейді ол.
Айтолқын есімді ансамбль мүшесі еліміз егемендік алған күннен бері қайта жаңғырған ән-күйлерді 21 немесе 23 ішекті жетігенде ойнап, көрермен назарына ұсынып келеді.
Қазір жетіген заманауи түрде жеті ішекті болып келуі таңсық емес. Ал 21-23 ішекті түріне кәсіби зерттеу жасаған консерваторияның профессоры Нұргүл Жақыпбекқызы апайымыз. Бұл аспап өте күрделі, диатоникалық болып келеді. Мәселен, ән орындау үшін алдымен тиектерін жылжытып, дауыс мәнеріне келтіру қажет. Сосын ішекке саусағымды тигізбей, тек тырнақтың ұшымен ойнаймын, - дейді Айтолқын Амангелді.
Ансамбль құрамындағы тағы бір қызықты аспап – суағаш. Ішіне ұсақ тастар салынған жуан ағаш қозғалса, кәдімді судың сыбдыры құлаққа естіледі. Шаңқобыз, даңғыра сияқты көне аспаптарды табу қазіргі уақытта қиын. Осы себепті маңғыстаулық өнерпаздар оларды тапсырыспен өзге аймақтардан алдыртып жатыр.
«Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі енді өңірге қарасты бес аудан мен екі қаланы аралап өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Концерттік бағдарламалар санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып жалғасады. Елімізде эпиджағдай тұрақталса, биыл өзге өңірлерге гастрольдік сапарларға шығуы да ықтимал.