Астанада Жеңіс күніне орай «Мәңгілік ерлікке тағзым» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Шара Амфитеатр сахнасында өтіп, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батырлардың ерлігіне құрмет көрсетуге арналды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Кеш барысында патриоттық әндер, соғыс жылдарындағы шығармалар және елдік рухты көтеретін заманауи композициялар орындалды. Барлық музыкалық туындылар Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның үрлемелі оркестрінің сүйемелдеуімен шырқалды.
Концертте белгілі өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ «Шалқыма» халық би ансамблі арнайы би қойылымдарын ұсынды.
Іс-шара барысында көрермендер майдангерлер рухына тағзым етіп, соғыс жылдарының әндерін бірге шырқады. Концерт бейбіт өмірдің қадірін ұлықтаған рухани кеш ретінде өтті.