МӘМС қаржысы талан-таражға түскен: Түркістанда жалған қызметпен 294 миллион теңге игерілген

Түркістан облысында МӘМС қаражатын заңсыз жымқыру деректері анықталды. Жалған медициналық қызметтер арқылы жүздеген млн теңге игерілген.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 11:55
Бүгiн 2026, 11:55
166
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Түркістан облысының прокуратурасы мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарды тексеру барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қаражатты заңсыз алу және жұмсау фактілерін анықтады.

Лицензиясыз консультациялық-диагностикалық қызметтерді сапасыз әрі тиісті деңгейде көрсетпеу жағдайлары белгілі болды. Мәселен, облыстағы жекеменшік клиникалардың бірінде рұқсат құжаттарынсыз «офтальмолог», «гастроэнтеролог», «аллерголог», «уролог», «психиатр», «гематолог», «генетик», «қан тамырлары хирургы», «нейрохирург», «нефролог», «инфекционист», «невропатолог», «эндокринолог», «хирург», «кардиолог», «фтизиатр», «рентгенолог», «ревматолог», «онколог» мамандарының атынан 28 мыңнан астам консультация көрсетіліп, 91 млн теңге көлемінде қаражат алынған, - деп хабарлады Түркістан облысының прокуратурасы.

Аталған факт бойынша материалдар Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, тергеуді аумақтық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген.

Тергеу нәтижесінде келтірілген залал толық өтелуіне байланысты іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды. Сонымен қатар 203 млн теңге көлемінде стоматологиялық қызметтерді жалған көрсету фактілері анықталды.

Екі аффилирленген клиника өздеріне формалды түрде үш дәрігерді рәсімдеп, электрондық төлем жүйесіне жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілгендей етіп 40 мың жалған стоматологиялық қызмет енгізген, - делінген ақпаратта.

Тексеру барысында бір стоматологтың бір күнде әртүрлі клиникаларда бір мезгілде ондаған пациентке «қызмет көрсеткені» тіркелген.

Қарсы тексерулер мен пациенттерден алынған жауаптар мұндай деректердің жалған екенін растады.

Аталған фактілер бойынша арнайы прокурорлар Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, материалдар сотқа жолданды.

Тағы оқи отырыңыз:

Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесіндегі ақауларды мойындады: Не өзгереді? 

Наверх