МӘМС енгізілгелі медициналық қызметте бәсекелестік орта пайда болды - дәрігер

18 Маусым 2023, 10:44
1211
Бөлісу:
МӘМС енгізілгелі медициналық қызметте бәсекелестік орта пайда болды - дәрігер
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгін елімізде медицина саласында еңбек ететін қызметкерлердің кәсіби мерекесі. 2020 жылдан бастап енгізілген МӘМС жүйесі қазіргі уақытта қалай жұмыс істеуде? Бұрынғы жүйеден қандай артықшылықтары бар? Тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде МӘМС жүйесі арқасында қандай мәселелер шешімін табуда? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызмет жеткізушілерінің бірі – елордамыздағы «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығының медициналық қызметтер сапасын бақылау және ішкі сараптама жөніндегі директорының орынбасары Зәуре Айдархановамен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Зәуре Байділдәқызы, 2020 жылдан бастап енгізілген МӘМС жүйесі қазіргі уақытта қалай жұмыс істеуде? Бұрынғы жүйеден қандай артықшылықтары бар? Денсаулық сақтау менеджері ретінде МӘМС жүйесінің арқасында іске асқан қандай сәтті жағдайларды немесе тиімді басқару шешімдерін атар едіңіз?

МӘМС жүйесі қазіргі таңда жүйелі түрде толық жұмыс жасап жатыр, денсаулық сақтау саласын тиімді басқару шешімдерінің түйіні деп айтуға болады. Халық денсаулығын қорғау үшін, аурудың алдын алу үшін және науқастардың емделуі үшін емханалар мен ауруханаларда толық жағдай жасалған. Сондай-ақ қымбат тұратын медициналық тексерулерден өту қазіргі таңда қолжетімді, сақтандыру пакеті аясында жоғары технологиялық операциялар жасауға болады.

Әрбір клиника жоғары білікті көмек көрсетуге мүдделі, ол дегеніміз – нақты диагностика, жақсы ем, заманауи оңалту қызметтері (реабилитация), тәжірибелі медбике күтімі, тегін және қолжетімді дәрі-дәрмектер.

МӘМС енгізілгелі бері медициналық қызметтерді жеткізушілер арасында бәсекелестік орта пайда болды. Бұл дегеніңіз көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етеді, ал қазір қаржыландыру нақты көрсетілген қызметтер бойынша жүргізіледі. Қымбат МРТ, КТ және жоғары мамандандырылған медициналық қызметтер қолжетімді, бұрын тұрғындардың жекелеген санаттарына санаулы квоталар бөлінетін.

- Дегенмен, медициналық көмек алу кезінде тұрғындар тарапынан көп сұрақ туындайды. Алғашқы медициналық көмек, дәрігер қабылдауы тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде көрсетілетінін білеміз. Ал МӘМС жүйесінде қандай медициналық қызметтер ұсынылады?

Осы орайда, мынаны нақтылап алғанымыз жөн. Жүйеде медициналық қызметтің екі түрі қолданылады.

Біріншісі – ТМККК бойынша. Бұл қызметтер пакетін Қазақстанның барлық азаматы пайдалана алады:

- жедел медициналық көмек

- алғашқы медициналық-санитарлық көмек

- шұғыл медициналық көмек

- паллиативтік көмек

- туберкулезбен оңалту

- дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету

- әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулар кезіндегі медициналық көмек.

Екіншісі, МӘМС жүйесінде:

- үй жағдайындағы стационар

- жоғарытехнологиялық медициналық көмек

- диагностикалық медициналық қызметтер

- дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету

- күндізгі стационар

- тәулік бойы жұмыс істейтін стационар

- медициналық оңалту.

- Медициналық қызмет алу үшін алдымен қайда бару керек, одан әрі не істеу керек? Осы ретте пациенттерге бағыт-бағдарын айтып өтіңізші.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары, яғни емханалар отбасылық қызмет көрсету, аумақтық қолжетімділік, соның аясында медициналық ұйымды еркін таңдау қағидаты бойынша жұмыс істейді. Тіркеу бойынша пациент медициналық көмекті, оның ішінде учаскелік дәрігерге алдын ала жазылу бойынша жоспарлы медициналық көмек алады, шұғыл көмек, мәселен, жұқпалы ауруға күдік болған жағдайда сүзгі кабинеттерінде, шұғыл көмек көрсету кабинеттерінде, дәрігерді, жедел медициналық жәрдемді үйге шақыру арқылы көрсетіледі.

ТМККК аясында және МӘМС жүйесінде амбулаториялық жағдайларда учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша және бастапқы және қайталама деңгейде медициналық көмек көрсететін мамандардың жолдамасынсыз көмек алуға болады. Мысалы:

1) шұғыл жағдайлар мен жарақаттар, оның ішінде офтальмологиялық, оториноларингологиялық және басқа да жарақаттар кезінде;

2) пациент шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету жөнінде жүгінген кезде;

3) пациент дерматовенерологиялық аурулар бойынша бейінді маманға жүгінген кезде;

4) жүктілік бойынша есепке қою жағдайларын қоспағанда, пациент акушер-гинекологқа және тіркелген жері бойынша психологқа жүгінген кезде;

5) пациент онкологиялық және гематологиялық ауруға күдік бойынша бейінді маманға жүгінген кезде;

6) пациент жастар денсаулық орталықтарына жүгінген кезде;

7) пациент динамикалық қадағалануға тиіс сырқат бойынша денсаулық сақтау ұйымына – бейінді маманға жүгінген кезде;

8) бір сырқат бойынша бейінді маманға қайта келгенде, сондай-ақ жаңадан пайда болған ісікке күдік болған кезде;

9) жылжымалы медициналық кешендер және медициналық пойыздар арқылы қызмет көрсету кезінде клиникалық хаттамаларға сәйкес медициналық көмек көрсетіледі.

- Көбінесе МӘМС бойынша тегін қызмет алу үшін тіркеуге тұрып, бірнеше маманның қабылдауында болу шарт. Оған уақыты мен денсаулық жағдайы жете бермейтін науқастар ақылы медицина ұйымдарына баруға мәжбүр. Осы тұста тегін медициналық қызметтерді қысқа мерзімде алу мәселесі қалай шешілуде?

Науқас тіркеуде болмаса, ал оның жағдайы жедел медициналық көмек көрсетуді қажет ететін болса, тегін медициналық көмек алуға құқылы және бұл тек шұғыл, жедел жағдайда мүмкін екендігін ескертемін. Негізі, аурулардың алдын алу және асқынуларды болдырмау үшін емханалар профилактикалық тексерулерді күшейту барысында жоспарлы түрде жұмыс жасауы қажет. Тегін медициналық қызмет алу үшін пациент өз дәрігерінің қабылдауында болып, науқасы бойынша диагнозы анықталып, ауру ағымына қарай ем тағайындалғаны дұрыс. Себебі әр науқастың консультациялық-диагностикалық қызмет алу уақыты әр түрлі болады. Зертханалық зерттеулер 1-2 күн ішінде әзірленеді, диагностикалық зерттеулер жоспарлы түрде жазылу арқылы – 10-15 күн аралығы, маман кеңесі – 10 күн ішінде қолжетімді.

Сонымен қатар, айта кететін жайт, науқастар тарапынан өз денсаулығына дұрыс қарау бағытында жұмыс жасап, емханалар жанында ашылған салауатты өмір салты мектебінің мамандарынан кеңес алып, бірге жұмыс жасап, ауырмау жолдарын қарастырса, алдын алу арқылы, мысалы жүйке жүйесі, жүрек-қантамыр аурулары, эндокринді жүйе, тыныс алу ауруларының азаюына ықпал етіп және тегін медициналық қызметтерді қысқа мерзімде алу мәселесі шешімін табар еді.

Әдетте, емханаларда жеке мамандар кеңесі және диагностикалық зерттеулер науқастарға сол жерде көрсетіледі. Клиникалық-диагностикалық бөлімде жоспарлы түрде кесте бойынша алдын ала жазылып, әр маманға және диагностикалық зерттеу түрлеріне (окулист, невропатолог, хирург, травматолог, ортопед, аллерголог, тамыр хирургі, кардиолог, эндокринолог, онколог, маммолог, гинеколог, акушер-гинеколог, реабилитолог, УДЗ барлық түрі, Холтер, СМАД, ЭКГ), балалар мен ересектер үшін күндізгі стационарға, жоғары сапалы көмекке кіретін ем түрлеріне, зерттеулерге, операцияларға жоспарлы түрде жолдама арқылы медициналық орталықтарға жіберіледі.

- Егер пациентке қажет медициналық көмек көрсететін дәрігер өз емханасында болмаса, соның салдарынан ем ала алмаса, пациент не істеуі, қайда баруы керек?

Барлық медициналық емханаларда бұл жүйе жолға қойылған деп айтуға болады. Науқас тіркелген емханада қажетті медициналық қызмет болмаса, басқа медицина ұйымдарына жіберіледі. Яғни барлық емханалар өздерінде көрсетілмейтін медициналық көмектер үшін басқа емдеу мекемелерімен алдын ала келісімшарт жасап, сол жерге жолдама беру арқылы науқасқа медициналық көмек көрсетіледі. МӘМС жүйесі бойынша медициналық көмек шектелмеген.

Тұрғындармен ашық қарым-қатынас орнату, олардың медицина ұйымдарына деген сенімін арттыру, медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында қабырғаларда «Сенім» телефондары, медициналық көмек және ішкі аудит сапасы жөніндегі орынбасарлар, емдеу-алдын алу жұмыстары, босандыру және бала күтімі жөніндегі орынбасарлар мен ұйым басшысының байланыстары туралы ақпараттар ілінген.

- МӘМС жүйесінде қызмет көрсетілмеген жағдайда, мұндай мәселелер емхананың Пациенттерді қолдау қызметі деңгейінде шешіле ме?

Емханада пациенттерді қолдау қызметінің мамандары міндетті түрде науқастармен тығыз байланыста болып, МӘМС жүйесінде қызмет көрсетілмеген жағдайда қызметтік тексеру жүргізіп, себептерін анықтап шешу жолдарын ұсынады. Егер дәрігер тарапынан кеңес дұрыс тағайындалмай, науқас ақылы түрде қызметке жүгінген болса, бұл жағдай пациенттерді қолдау қызметі тарапынан зерттеліп-зерделеніп, талқыланып, шешім қабылданады.

- Медициналық ұйымдарда пациенттің сақтандыру мәртебесі қалай тексеріледі?

- Сақтандыру мәртебесін:

- Qoldau 24/7 мобильд3 қосымшасы;

- SaqtandyryBot телеграмм боты;

- Электронды үкімет порталы;

- Қордың сайты;

- сондай-ақ емханада медициналық ақпарат жүйесіне (КМИС) ЖСН енгізу арқылы тексеруге болады.

- Зәуре Байділдәқызы, мерекеңіз құтты болсын! Сұхбаттасып, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы