Мамин вакцина паспортын «Ashyq»-қа енгізуді тапсырды

1 Маусым 2021, 10:00
3320
Бөлісу:
Мамин вакцина паспортын «Ashyq»-қа енгізуді тапсырды

Нұр-Сүлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин вакцина паспортын «Ashyq» қосымшасына да енгізу керегін айтты.

Жалпы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Өткен аптада ауру жұқтыру деңгейі 20%-ға дейін төмендеді. Вирустың репродуктивтілік индексі 0,86-ны құрады. Науқастардың ауруханалардан және жан сақтау бөлімдерінен шығуы бойынша оң серпін байқалады, - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Мамин атағандай, 3 өңір «қызыл аймақта» - Нұр-Сұлтан қаласы және Ақмола, Қарағанды облыстары.

Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде «қызыл аймақты» қысқартуды болжап отырмыз. «Жасыл аймақтағы» өңірлер саны 8 және «сары аймақтағы» өңірлер саны 6-ға жетті. Бұл көрсеткіштерге ең алдымен вакцина алғандар санының артуы оң әсер етіп жатыр, - деп түсіндірді ол Үкіметте.

Премьер-министрдің айтуынша, бүгінгі күні вакцинаның бірінші компонентін 2,1 млн-нан астам адам, екінші компонентін 1 млн-нан астам адам салдырды.

Маусым айында вакциналардың қорын 2 млн бірінші және 2 млн екінші компонентпен толықтыру бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер маусымда вакциналау қарқынын елеулі түрде арттыруы керек. Денсаулық сақтау министрлігі Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, «Ashyq» мобильді қосымшасының тиімді жұмыс істеуі, қосымшаны қызмет көрсету салаларында кеңінен қолдану бойынша шаралар қабылдауы қажет. Вакцина паспортын «Ashyq» қосымшасына да енгізу керек, - деп тапсырма берді Асқар Мамин.
Өзгелердің жаңалығы