Мамин: Үкіметтің міндеті – қажетті жағдайды жасау

11 Маусым 2020, 19:50
1520
Бөлісу:
Мамин: Үкіметтің міндеті – қажетті жағдайды жасау

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Қазақстанның барлық өңірлеріндегі бизнес өкілдерімен селекторлық кеңестер өткізді.

Онда іскерлік белсенділікті қалпына келтіру мәселелері қаралды.

Кәсіпкерлер Үкімет басшысына ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнеркәсібі, туризм, қоғамдық тамақтану, сауда, құрылыс, білім беру, өңдеу өнеркәсібі салаларындағы бизнестің өзекті мәселелері туралы айтып берді.

Бизнес-қауымдастықтың субсидиялар алу, жеңілдікті несие беру және ағымдағы қарыздарды қайта құрылымдау, несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, ауыл шаруашылығы техникасының лизингі, тариф белгілеу, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың сатып алуларына отандық тауар өндірушілердің қатысуын одан әрі арттыру, мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша міндеттемелерді орындау мерзімдерін қайта қарау мәселелеріне қатысты ұсыныстары қаралды.

Кеңестердің модераторы "Атамекен" ҰКП болды. Барлық өңірлерден 229 бизнесмен қатысты, 40-тан астам адам баяндама жасады. Мәселелерді талқылауға "Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Т. Құлыбаев, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ және салалық бизнес-қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Үкімет басшысы бейінді министрліктер мен өңірлердің әкімдіктеріне бизнестің өзекті мәселелерін қарауды және оларды шешу бойынша шаралар қабылдауды, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытудың жүйелі мәселелерін Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына шығаруды тапсырды.

Үкіметтің міндеті – іскерлік белсенділікті қалпына келтіру үшін барлық қажетті жағдайларды жасау. Біз бизнестің дағдарысқа дейінгі деңгейіне тезірек қайта келуі үшін барлық күш-жігерді жұмсауымыз керек, — деді А. Мамин.

Өзгелердің жаңалығы