Мамин Хоккей федерациясының президенті болып қайта сайланды

13 Желтоқсан 2021, 13:20
1107
Бөлісу:
Мамин Хоккей федерациясының президенті болып қайта сайланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 12 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан хоккей федерациясының (ҚХФ) XIV республикалық конференциясы өтті, оған Атқару комитетінің мүшелері, өңірлік филиалдардың, хоккей клубтарының және БЖСМ басшылары қатысты.

ҚХФ Президентінің 2016-2021 жылдар аралығындағы жұмыс туралы есебі, Федерацияның жарғысы мен ережесі, штаттық құрылымы қаралды, басқару және бақылау органдарының сайлауы өткізілді. Конференция қатысушыларының бірауыздан шешімімен Асқар Мамин Қазақстан хоккей федерациясының президенті лауазымына қайта сайланды.

А. Мамин өз сөзінде қазіргі уақытта ерлер арасындағы әлемдік рейтингте Қазақстан командасы 19-дан 13-орынға көтерілгенін атап өтті. Осы уақыт ішінде қазақстандық құрама командалар 19 әлем чемпионатына, Қысқы Азия ойындарына, екі қысқы Дүниежүзілік Универсиадаға, олимпиада іріктеу турнирлеріне қатысып, 14 медаль жиынтығын жеңіп алды.

ҚХФ Президенті хоккей лигаларының, оның ішінде жастар, әйелдер және әуесқой лигалардың жоғары даму қарқынын, чемпиондық титул мен Қазақстан Республикасының кубогы үшін бәсекелестіктің артқанын атап өтті.

Балалар мен жасөспірімдер хоккейінің дамуындағы оң динамиканың артып келе жатқаны байқалады. Республикада 30 хоккей мектебі бар, оларда 269 жаттықтырушы жұмыс істейді. Командалар мен ойындардың саны артып келеді. Өткен кезеңмен салыстырғанда хоккеймен айналысатын балалар саны 32%-ға – 7,3 мыңнан астамға өсті.

Хоккейге деген қызығушылықтың айтарлықтай өсуі аясында спорт инфрақұрылымының қолжетімділігі мен сапасын одан әрі арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елімізде әлемдік деңгейдегі жаңа заманауи мұз сарайлары ашылды. Бүгінде 34 жабық мұз аренасы мен модульдері бар. Жақын арада Павлодар қаласында мұз модулін және Қостанай қаласында мұз аренасын ашу жоспарда бар.

2022 жылғы қаңтарда хоккейшілерді даярлайтын «JAS NOMAD» республикалық бағдарламасының бірінші блогын және Salem Hokei жобасын іске қосу жоспарланған, оның мақсаты –  балаларды спортқа тарту.  Бүгінде сайт, мобильді қосымша әзірленді, киім-кешек пен құрал-жабдықтар сатып алынды, олар Демалыс күнгі хоккей жобасына қатысатын хоккей мектептеріне беріледі.

Алдағы кезеңде Федерация өңірлерде хоккейді дамыту, БЖСМ-нен бастап Жастар хоккейі мен Кәсіби хоккейге дейін хоккейшілерді даярлаудың толыққанды клубтық жүйесін құру, әйелдер хоккейінің географиясын кеңейту, өңірлерде жаңа хоккей мектептерінің, Қызылорда, Шымкент, Атырау және Ақтауда жастар хоккей клубтарының, Оралда кәсіби клубтың ашылуына жәрдемдесу жөніндегі жұмысты күшейтеді.

Өзгелердің жаңалығы