Мамандыққа деген адалдық

22 Маусым 2022, 17:02
3707
Бөлісу:
Мамандыққа деген адалдық

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Дәрігер мамандығы – өте абыройлы да жауапты іс, өйткені адамның денсаулығы, кейде өмірі дәрігерге байланысты. 

Осынау жауапкершілігі мол мамандықтың қыр-сыры жайында  Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Пульмонология бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер-пульмонолог Назгүл Жанұзақова айтып берді. Бала  кезден дәрігер болуды армандаған маманның жүрекжарды әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз. 

- Дәрігер деген жауапкершілігі мол мамандық. Ауыр да әрі  жауапты  мамандықты таңдауыңызға не себеп болды? Әлде бұл бала кездегі арманыңыз ба?

Н.Жанұзақова: Иә, дәрігер деген өте маңызды, жауапкершілігі мол мамандықтардың бірі. Дәрігер болу менің бала кездегі арманым.  Мамандық таңдауда ешқашан күмәнім болған емес, себебі әжем әрқашан «дәрігер боласың» деп айтып отыратын, кейін бұл қызығушылық менің де  арманыма айналып, әке- шешемнің қолдауымен мектеп бітірген соң С.Ж.Асфендияров  атындағы ҚазҰМУ-ға түстім, оқуды аяқтағаннан кейін осы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығана орналастым. 2007 жылы пульмонология бөліміне ауыстырылып, 2019 жылдан бері пульмонология бөлімінің меңгерушісі  қызметін атқарып келемін. 

Мамандыққа деген адалдық

- Бұл мамандық қаншалықты ауыр? Дәрігерлер кандай қасиетке ие болуы керек?

Н.Жанұзақова: Дәрігер болу әрине оңай емес. Оған шыдамдылық, білім мен біліктілік, аса жауапкершілікпен бірге адамның тәнін ғана емес, жанын емдей ала білу маңызды. Ең бастысы, мамандыққа деген адалдық. Тәжірибе жүзінде біліміңді шыңдаудан жалықпай, әрдайым  ізденісте жүруге дағдылану керек.

 - Неге  медицинаның басқа саласы емес, дәл осы пульмонология  саласын таңдадыңыз?

Н.Жанұзақова: Тыныс жолдары аурулары жалпы аурулар структурасында бірінші орында тұрған патология болып саналады, ересектерде ғана емес балалар арасында да. Пульмонолог  өкпе және тыныс алу жолдары ауруларын диагностикалау мен емдеумен, зерттеумен айналысатын дәрігер.  Елімізде пульмонолог дәрігерлер жеткіліксіз. Көптеген облыс, аймақ пен аудан көлемінде бұл салада мамандардар жоқ. Сондықтан да осы саланы таңдадым. 

- Сіз жұмыс істейтін мекеме жайлы айтып берсеңіз?

Н.Жанұзақова:Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы  тек емдеу орталығы  ғана емес, бұл ғылыми клиникалық орталық  және   білім беру базасы болып табылады. Қазақстан Республикасындағы  педиатрия қызметінің басты үйлестірушісі. Бұл орталыққа Қазақстаннын барлық  аймақтарынан жергілікті жерде көмек  көрсетіле алмаған  жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі балалар келіп ем қабылдайды. Орталықтын негізгі бағыты - балалар онкологиясы, гематология, сүйек кемігі трансплантациясы, неонатология, неонатальды хирургия, жалпы хирургия, кардиохирургия, урология, пульмонология, кардиоревматология, гастроэнтерология. Сонымен қатар орталықта 4 жан сақтау бөлімі, 14 параклиникалық бөлім, оның ішінде  жоғарғы сапалы клинико-диагностикалық зертхана, трансфузиялогия бөлімшелері бар. Орталықтың зертханалық  базасының мүмкіндігі балаларға жорғарғы деңгейде диагностикалық және емдік шараларын жүргізуге жеткілікті.  Жылына 6 мыңға жуық бала ем қабылдайды. Бұл республикалық клиникада мукополисахаридоз, муковисцидоз, біріншілік иммунодефицит, Гоше ауруы т.б сирек кездесетін аурулармен балалар ем кабылдайды.  Сонымен қатар  орталықта дипломнан  кейінгі дәрігерлерлерінің біліктілігін арттыру циклдары, резиденттер мен студенттерді  дайындау жүргізіледі.   

Мамандыққа деген адалдық

- Пульмонология бөлімі туралы айтып кетсеңіз?

Н.Жанұзақова: Пульмонология бөлімі 1962 жылдан бастап жұмыс жасап келеді және ҚР бойынша еліміздің барлық аймақтарындағы балаларға мамандандырылған көмек көрсететін жалғыз пульмонологиялық бөлім болып табылады. Бөлімге балалар  өкпенің созылмалы обструкциялық ауруларымен, туа пайда болған өкпенің даму ақаулармен, сирек кездесетін (орфанды) өкпенің генетикалық детерминирленген аурулармен, иммунодефициттік жағдайдағы науқастардағы өкпе зақымдануымен, созылмалы пневмония, бактериальды бронхит, бронхоэктазды ауру және бронхиалды астманың ауыр түрлерімен қабылданады.

Жылына бөлімде 600 науқас балалар ем алады. Емдік-диагностикалық ем-шаралардан бөлек, пульмонология бөлімі мамандарымен балалар пульмонологиясы саласында мамандар даярлау,  педиатрлар және жалпы тәжірибе дәрігерлерлерінің біліктілігін арттыру циклдары жүргізіледі. Жүйелі түрде «Балалар пульмонологиясындағы өзекті сұрақтар» тақырыбында мастер-класстар жүргізіледі. Бөлім мамандары коронавирусты инфекция пандемиясы кезінде құрылған эксперттік комиссия құрамына кіріп, соның аясында Қазақстанның барлық аумақтарындағы балаларға онлайн түрде консилиумдар жүргізді.

Орталықтың пульмонолог дәрігерлері ҚР барлық аумақтарына  жылына 300-ге жуық телемедицина өткізеді. Біз ауыр жағдайда жатқан аймақтардағы балаларға көмек көрсетіп, кеңестерімізді береміз.   

Бұдан бөлек, бөлім  клиникалық протоколдарды, методикалық әдістемелерді, Жол карталарын дайындаумен айналысады. 

- Балалардың тыныс жолдары ауруларымен ересектерге қарағанда жиі ауруы немен байланысты?

Н.Жанұзақова: Бұның бірнеше себебі бар. Біріншіден балалардың  иммунды жүйесі  ересектерге қарағанда  толық жетілмеген, екінші себеп  тыныс жолдарының толық дамығандығында. Балалардың тыныс жолдары  тар, шырышты қабаттары қантамырға бай, өте нәзік, бұл шырыштың бронхтарда жиналып қалуына әкеледі және оның шығуын қиындатады. Ерте жастағы балаларда тыныс бұлшықеттері әлсіз дамығандықтан балалар қақырығын шығара алмайды, бұл да қақырықтың тыныс жолдарында жиналып қабынуға әкелетін себептердің бірі болып табылады. 

Мамандыққа деген адалдық

- Ауруды дер кезінде емдемесе соңы неге әкелуі мүмкін?

Н.Жанұзақова: Кез келген ауруды дер кезінде емдемесе ол созылмалы түрге  ауысу қаупы бар жане  қайтымсыз өзгерістерге алып келуі мүмкін. 

- Дерттерді алдын-алу  үшін не істеу керек? Балаларды қалай күту керек өз кеңесіңізді айта кетсеңіз?

Н.Жанұзақова: Әрине бала денсаулығына немкұрайлы  қарауға болмайды.  Ең бірінші, сауықтыру шараларын ұдайы жүргізу қажет,  дұрыс тамақтану, таза ауада серуендеу, физикалык белсенділік, үйдегі тазалық пен ауаның ылғалдылығына назар аудару керек.  Қазіргі таңда көптеген ата-аналар ғаламтордағы ақпараттарды пайдаланып дәрігерлік көмекке кеш жүгініп жатады. Егер бір ғана жөтелді алып қарасақ, ол көптеген аурудың белгісі болуы мүмкін. Мысалы, көкжөтел, туберкулез, жүрек қан тамыр аурулары және басқа да ауруларда болады. Сондықтан ауруды асқындырып алмай тұрып дәрігерге қаралу қажет. Санитарлық нормаларды сақтау,  балаларды дер кезінде дәрігерлік тексеруден өткізу әрбір ата- ананың міндеті

- Сіздің ойыңызды білгім келеді. Әйел бақыты дегенді қалай түсінесіз? Арманыңыз бар ма? Болса бөліссеңіз!

Н.Жанұзақова: Әйел бақыты – отбасының тыныштығы, бірлігі, әке- шешесінің амандығы, әулеттің берекесі, адал жары, аяулы ана атануы. Балаларының шаттығы, жақындарының жылулығы және  сүйікті мамандығы, қоғамдағы орны деп ойлаймын. Мына өмірде армансыз адам жоқ шығар.  Бірі байлықты қаласа, бірі денінің саулығың армандайды.  Әркім өзіне керектігісін армандамайма. Адам өзінің талабы, еңбегі, білімі арқылы қиялындағы арман – ойларын іс жүзіне асыра алады. Менің армандарым көп, бастысы  денсаулықты тілеу керек, өйткені деніңіз сау болмаса – барлық армандарыңыз, жай ғана арман болып қалуы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы