Дәрігерлерді дайындауда қандай проблемалар бар? Кадр тапшылығы неге шешілмей жатыр? Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің телеграм арнасында осы және басқа да сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Медициналық білімге бөлінетін қаржы көлемі өте төмен. Министрлікте жұмыс істегенде, біздің министрлікке қарасты университеттерге бюджеттен бөлінетін гранттар соммасын 400 мыңнан 1-1,5 млнға дейін көтергенбіз. Осы шешімнің арқасында біз оқытушылардың жалақысын да көтеріп едік. Ал медицина саласындағы университеттердің грант соммасын жеткілікті деңгейде көтерілмеді, – деп жазды ол.
Депуттаттың сөзінше, гранттарға бөлінетін қаражат көлемі жеткіліксіз.
Бір дәрігерді дайындау үшін грантқа бюджеттен бөлінетін сома аз мөлшерде бекітіліп, тек 1,2 млн болса, министрлік университеттермен келісімшартты тек 1,1 млн-ға жасапты, яғни бөлінген қаражаттың өзі толық жетпеген екен. Бұл ақпаратты анықтауымыз керек, – деді Аймағамбетов.
Депутат медициналық университеттерде басқа елдердің азаматтарын оқытуға тым көп көңіл бөлір жатқанын айтады.
Солай бола тұра, өз азаматтарымызды оқытуға орын аз дейді. Әрине, дәрігерлер де сосын жетіспейді. Бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігі қайта қарауы керек деп санаймын. Басымдылық қазақстандықтарға берілге тиіс. Университет облыста орналасқан болса да, кадр тапшылығы байқалады. Оқып жатқан студенттердің көбі басқа өңірлерден болғандықтан, облыста қалғылары келмейді, – деді ол.
Депутаттар облыстық әкімдік тарапынан қосымша нысаналы гранттар санын көбейту туралы ұсыныс жасады.
Бакалавриат пен резидентураға да облыстық бюджеттен қаражат бөлінсе, осы нысаналы грантпен оқығандар міндетті түрде облыс әкімдігі жіберген ауыл/қалаға барып жұмыс істейтін болады. Біз кезінде әдейілеп енгізген бұл норманы шалғайдағы кадр тапшылығын жою үшін егізіп едік. Әкімдікке оны кеңінен қолданған тиімді болар еді, – деді мәжілісмен.
Аймағамбетов мемлекеттік грантты өтеу тәртібі қандай екенін атап өтті.
Қазіргі кездегі тәртіп: мемлекеттік грантты университетті бітіргеннен кейін кез келген жерде өз мамандығы бойынша жұмыс істеп өтеу. Бұл тәртіпті өзгертіп, түлектерді нақты жолдама бойынша, маман тапшы жерге барып өтеу бойынша арнайы норманы заңға енгізіп шешу ұсынылды. Бұл мәселені қосымша талқылаймыз, – деді ол.
Сөз соңында Аймағамбетов жақсы жаңалық айтты.
Біз биыл сайлауалды уәдемізге сәйкес заңға жақсы өзгеріс енгіздік. Енді маман тапшылығы бар жерге барып жұмыс істегендерге 9 млнға жуық бірмезгілдік көтерме ақы беріледі, – деді мәжіліс депутаты.