Маман фишинг сайттардан қалай қорғану керек екенін айтты

13 Сәуір 2021, 17:46
1618
Бөлісу:
Маман фишинг сайттардан қалай қорғану керек екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Интернет кеңістігінде жиі кездесетін алаяқтық тәсілдер туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте МТҚ АҚ Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығының директоры Серік Холдас айтты.

«KZ-CERT» компьютерлік инциденттерге әрекет ету орталығы қазақстандық интернет пайдаланушыларға интернеттегі қауіпсіздік қатерлерінің алдын алу мақсатында ақпараттық көмек көрсетеді.

Пайдаланушылар ақпараттық қауіпсіздік жағдайына тап болған жағдайда тәулік бойы 1400 нөміріне хабарласа алады немесе әлеуметтік желілердегі чаттарға жазу мүмкіндігі қарастырылған. «KZ-CERT» орталығының мәліметі бойынша 2020 жылы интернет ресурстардағы алаяқтық мәселесі бойынша мамандарға жүгіну саны артқан. Фишинг ресурстар 2020 жылғы шабуылдардың трендіне айналды. Бұл жұмыстың онлайн режимге көшуіне байланысты деп ойлаймыз. Біздің қызмет 24 мыңнан астам интернет шабуыл жағдайларын тіркеді. Оның 1500-нан астамы – фишинг шабуыл, - деді Серік Холдас.

Спикердің айтуынша, интернет қолданушылары жазған өтініштердің көмегімен 500-ден астам фишингтік интернет ресурс анықталған.

Ақпараттық қауіпсіздік шаралары шетелдік хостинг-провайдерлері мен домен тіркеушілерімен бірге атқарылады. 2020 жылы «KZ-CERT» орталығы халықаралық әріптестердің мекен жайына 2212 хабарлама жіберген.

Олардан 1728-не жауап алдық. Халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде шетелдік фишинг интернет ресурстардың басым бөлігі еліміздің аумағында қолжетімсіз деп танылды. Алайда күн сайын жаңа фишингтік ресурстар пайда болуда. Кез келген сілтемені баспастан бұрын мекенжай жолына мән беріңіздер. Сенімді құпиясөздерді пайдалануды ұсынамыз. Ақшалай пайда ұсынатын күдікті интернет ресурстар анықталған жағдайда 1400-ге хабарласыңыз. Қолжетімді қоғамдық WIFI нүктелеріне сенім артпаңыздар. Өз идентификациялық деректеріңізді қорғалмаған сымсыз желілерге енгізбеңіздер, - деді Серік Холдас.

Ол бопсалаушылардың телефон бойынша талаптарын орындамау керектігін айтты.

Алаяқтық фактілері айқындалған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну керек. Жеке мәліметтерді, жеке куәлік деректерін, банктік карта деректерін және тағы да басқа дербес деректерді қамтитын құжаттарыңыздың көшірмесін интернет желісі бойынша жібермеңіздер. Банк картасының артқы жағындағы 3 цифрлы CVV, CVC кодтарын жарияламауды сұраймыз. Өткен сауалнама үшін ешкім сыйақы төлемейтінін есте сақтаңыздар. Мессенджерлер арқылы сілтемелер таратпаңыз, - деді спикер.
Еске салсақ, бұған дейін Әбдіхалықов журналистердің салық бойынша қарызды сұрауға толық құқығы бар екенін мәлімдеді.


Раушан АРМАНҚЫЗЫ
Өзгелердің жаңалығы