Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев мал ұрлығы мәселесін көтеріп, қылмыскерлермен күресті күшейту керектігін айтты.
«Депутаттық сауалға бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген жарияланымдар және әлеуметтік желілерде бөтен мүлікті ұрлаудың жиілеп кеткен фактілері туралы талқылау себеп болып отыр. Қылмыс деңгейінің өсуі азаматтардың белгілі бір наразылығын тудыратыны жалпыға мәлім. Қоғамдық резонанс жасайды және азаматтардың құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарға деген сеніміне күмән келтіруде. Бөтеннің мүлкін ұрлау, атап айтқанда пәтер ұрлығы мен мал ұрлығы ерекше алаңдаушылық тудырады. Аталған қылмыс түрлері азаматтардың жеке аумағына және тұрғын үйлеріне енуімен байланысты, бұл материалдық зиян келтіруден басқа азаматтардың денсаулығына моральдық-психологиялық зиян келтіреді. Мүліктен басқа, онда тұратын отбасы мүшелерінің өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретін өз тұрғын үйінің қауіпсіздігі мен қорғалу сенімділігі төмендейді», - деді Қылышбаев премьер-министрге жолдаған сауалында.
Сенатордың айтуынша, келтірілген залал, атап айтқанда мал ұрлығынан түскен зардап жүздеген мың тенгені құрайды. Тіпті қылмыскерді ұстаған жағдайда да, ұрланған малды тауып, қайтарып алу әрдайым мүмкін емес.
«Бүгінгі таңда Алматы облысында өте күрделі және үрейлі жағдай қалыптасып отыр. 2018 жылы тіркелген қылмыстар саны бойынша бұл аймақ республика көлемінде екінші орында, ал Алматы қаласы бірінші орында тұр. Сонымен қатар, 2018 жылдың қорытындысы бойынша көрсетілген көрсеткіш 27 678 фактіні құрады, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 6,3%-ға артып отыр. Алаңдаған азаматтар өз бетімен патрулдеу, қылмыскерді іздестіру және ұстау сияқты тағы басқа шаралар қабылдауға мәжбүр, бұл шаралар қылмыскер үшін де және ізгі азаматтар үшін де күтпеген салдарға әкеп соғуы мүмкін. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысының аумағында 17 350 бөтен мүлікті ұрлау фактісі тіркелді. Республикалық көрсеткіштер бойынша ұрлықтың ең көп көрсеткіші тек Алматы қаласына ғана жол беретін Алматы облысына тиесілі. Бұл ретте аталған қылмыстардың ашылу көрсеткіші өткен жылы тек 32%-ды құрады», - деді Нұрлан Қылышбаев.
Сенат депутатының дерегінше, соның ішінде 1 338 мал ұрлығы, оның 44% - ы ашылды, келтірілген материалдық шығын 157 миллион теңгені құрайды, 1 843 бас мал ұрланды. Облыс бойынша 422 адам ұсталып, оның 239-і бұрын осы ұрлық жасағаны үшін жазаға тартылған, бұл 57%. Әрбір үшінші мал ұрлығы жеке аулада жасалған.
«Ұрлық деңгейі айтарлықтай дәрежеде қылмыстық жолмен алынған мүлікке деген сұранысқа байланысты. Сатуға қарсы күрес және ұрланған мүлікті сатып алу және сату үшін жауапкершілік туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеуінің салдарынан болып отыр. Ұрлыққа қарсы іс-қимылдың тиімсіздігі тек полиция қызметі ғана емес, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың және қоғамдардың да күш-жігерін талап ететін күрделі мәселелердің бірі саналады. Осы мәлімдемелерді ескере отырып, қылмыстық жолмен алынған мүлікті сатып алуды және сатуды жүзеге асыратын топ құрамында қылмыс жасаған адамдарға қатысты бөтеннің мүлкін қайталап ұрлау жағдайлары үшін жазаны қатаңдату жөнінде шаралар бойынша ұсыныстар енгізу қажет деп есептейміз», - деді ол.
Оның айтуынша, мал басын есепке алуды және бірдейлендіруді күшейту (таңбалау, сырғалау,чиптеу) ветеринариялық анықтамалар мен паспорттарды беруді қатаң бақылауға алып, қажетті шаралар қабылдау қажет. Тиісті органдар күдіктілерге қатысты неғұрлым қатаң бұлтартпау шараларын қолдану қажет. Көп жағдайда күдіктілерге қатысты «ешқайда кетпеу туралы қолхат» немесе «кепіл» қолданылады. Осы себептен ұрлық жасауда негізделген күдіктілердің 5 мыңнан астам адам бостандықта қалуда. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босатылған адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту жөніндегі пробация қызметінің жұмысын күшейту қажет.
«Аталған мән-жайларды және қалыптасқан криминогендік жағдайды ескере отырып, Сізден тиісті мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне меншікке қарсы, қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша ұйымдастырушылық, профилактикалық, түсіндіру және басқа да шараларды күшейтуге бағытталған тиісті өзгерістер мен толықтыруларды әзірлеу және бастамашылық жасау жөнінде тапсырма беруді сұраймыз», - деді сенатор.
Қымбат Елтайқызы
Оқи отырыңыз: