Мал ұрлағандар залалды өтесе де жазадан құтылмайды

20 Қараша 2019, 11:00
3535
Бөлісу:
Мал ұрлағандар залалды өтесе де жазадан құтылмайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұрлық, тонау, қарақшылық қылмыстары үшін залал орнын толтырса да, кешірім берсе де бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын болады. Бұл туралы ҚР бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында мәлімдеді. 

Бірқатар қасақана қылмыстар үшін жауаптылықты күшейтуге арналған. Бұл түзетулердің бір бөлігі меншікке қарсы қылмыстарға қатысты. Алдымен ұрлық, тонау, қарақшылық мақсатында үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз бұзып кірумен жасалған қылмыстар үшін жауаптылық күшеймек. Ұрлыққа қатысты әрекеттер ауыр қылмыстар санатына көшеді. Демек татуласу болмайды. Тіпті залал орнын толтырса да, кешірім берсе де қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды, - деп айтты бас прокурордың орынбасары.

Ахметжанов мал ұрлығы қылмысын жеке құрам етіп шығару пікірталас тудырғанын айтты. 

Бұл мәселе бойынша халықаралық тәжірибені зерттедік. Көптеген елдерде қоғам мен экономика үшін маңызы зор объектілерге қол сұғу Қылмыстық кодексте жеке бап ретінде бөліп шығарылған. Олар үшін жаза да басқа. Мысалы Германияда электр энергиясын ұрлағаны үшін Қылмыстық кодексте жеке бап көзделген. Себебі бұл елде мұндай теріс әрекет ерекше қоғамға қауіпті қылмыс саналады. Қытайда тарихи құндылықтарды ұрлау дара құрам боп танылды және қатаң жазаланады, - деп айтты ол.

Баяндамашы ауылдық жерлерде мал ұрлығы қылмысы ушығып тұрғанын айтты. 

Ауыл десе бәріміз елең ете қаламыз. Халқымыздың 42%-ы ауылда тұрады. Ауыл өмірі малмен байланысты. Қазақтар «мал-жан аман ба?» деп бекер айтпаған. Қазір мал ұрлығы елдің берекесін кетіруде. Барымталап кеткен үйір-үйір жылқы мен табын-табын ірі қара елдің жанына ауыр батады. Бұл баршаға мәлім. Тергеу практикасын зерделеу мал ұрлығының қылмыстық кәсіпке айналғанын көрсетіп отыр. Оны ұйымдастыратын, орындайтын, сатып алатын, жүк таситын, базардан өткізетін қылмыстық топтар қалыптасқан. Бұл қылмыстарға қамқоршылық жасайтын шенеуніктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар. Бұл әрекеттерде нақты ұйымдасқан қылмыстық топ белгісі бар, - деді баяндамашы.

Ол қазір мал ұрлаған адам залалын өтесе қылмыстық іс қысқартылып, түбейгейлі тергеу жүргізілмейтінін айтты. 

Қылмысты негізгі ұйымдастырушы, басқа қатысушылар анықталмайды. Қылмыстық байланыс ашылмай қалады. Статистика бойынша 60-қа жуық ұрлық туралы істер татуласумен аяқталып жатыр. Басты себебі ұрлаған малды қайтарып, кешірім келіп жатады. Осы қылмыс түрімен күресті күшейтіп, жауаптылықты қатаңдату керек. Жәй құрам үшін – бес жыл, егер адамдар тобымен алдын ала сөз байланысумен ірі мөлшерде жасаған ұрлық болса – жеті жылға дейін, бірнеше рет және бұзып кіргені үшін – 10 жыл, аса кірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса 12 жыл бас бостандығынан айыру көзделген. Халық «ұрлап ішкен ас болмайды» деп бекер айтпайды. Бұл шара елдің малын қорғап, халықтың берекесін сақтау үшін керек, - деді Ахметжанов Парламент Мәжілісінің отырысында ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарау барысында.
 ҚР бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында мәлімде тәуелсіздік жылдары түрмеде отырғандар саны 70 мыңға азайғанын айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы