Македониялық профессор Павлодарда екі адамның жүрегіне ота жасады

7 Қыркүйек 2019, 08:23
2192
Бөлісу:
Македониялық профессор Павлодарда екі адамның жүрегіне ота жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облыстық кардиологиялық орталықта Македония кардиологтар қоғамының президенті, Еуропалық кардиологтар қоғамының мүшесі, профессор Сашко Кедев шеберлік сағаты аясында сегіз адамға ота жасауды көздеп отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. 

11IMG_6410.jpg

"Тамырларға таралып кететін биологиялық стенттер саламыз. Бұл өте жіңішке стент. Қан тамырларына жақын орналасқан. Бірнеше жылдың ішінде сіңіп кетеді. Бұған дейін металл стент қойып келген. Мен әлемнің көптеген жерлерінде боламын. Павлодарға бірінші рет келіп отырмын. Мұнда кәсіби білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Орталық Америкадағы тәрізді жоғары технологиялармен жабдықталған. Науқастардың саны да көп. Таңертең екі ота жасалды", - деді ашко Кедев.

Рентгеноваскулярлық хирургияның меңгерушісі Руслан Байсебеновтың айтуынша, білікті профессорға Македония елінің Скопия қаласынан тәжірибе алмасу мақсатында арнайы шақырту жіберілген. 300-ден астам имплантация жасаған кардиологтың тәжірибесі мол.

IMG_6412.jpg

"Оның әдістемесін көргіміз келді. Бізде Үндістанда шығарылған стенттер қойылады. Ол жақтың экономикасы қарқынды дамып, жаңа технологиялар пайда болуда. Шеберлік сағатына он адам қатысуда. Оның ішінде Нұр-Сұлтан, Петропавл қалаларынан бес адамды шақырдық. Мұндай отаның нәтижесінде науқастың денесінде бөгде зат қалмайды. Стенттер 2-3 жылдың ішінде тамырға сіңіп кетеді. Бұған дейін де әртүрлі стенттер қолданылып келді және нәтижесі жаман емес. Дегенмен, шетелдік маманның әдістемесімен танысуды жөн көрдік", - дейді Руслан Байсебенов.   

Стент қойылатын сегіз науқастың барлығы кардиологтың есебінде тұр. Ота тегін жасалады. Барлығы мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Бір науқасқа ота жасау үшін 1 млн теңге кетеді. Оған дәрі-дәрмек, тамақтану және ота кіреді.

Жалпы облыстық кардиологиялық орталықта жылына жүректің ишемиялық ауруларына шалдыққан адамдарға 1200 стент қойылады.

"Бұған дейін дәрі-дәрмек жабындысы бар металл стенттер қолданылып жүрген. Металл стенттер ескірген және қолданыстан шыққан. Бұл стенттер тамырлардың жабылып қалуына жол бермейді. Әдетте науқастар ауыр халде түседі және қайғылы жағдайлар болып тұрады. Дегенмен біз әр адамның өмірі үшін күресеміз. 70 пайызында коронаралық тамырда шытыра болады. Жүрек бүкіл ағзаға сорғы болып табылады. Ол сорғының қанды қоректендіретін өз тамырлары бар. Егер де бұл тамырлар қанды қоректендіруді тоқтатса, жүрек сорғы сияқты жұмыс істемей қояды. Шытыра өсіп, тамырды жауып тастайды да тромбылар пайда болады. Нәтижесінде адам инфаркт алады", - дейді Руслан Байсебенов.

Айта кетерлігі, Израиль, АҚШ және Македония клиникаларында бұл процедура бірнеше жылдан бері қолданылады. Биологиялық өздігінен таралып кететін стенттер - сүт қышқылы негізінде жасалған қуыс цилиндрлер. Оның міндеті - холестеринмен ластанған тамырларды кеңейту, артериялардың қызметін қалпына келтіру,  тамырдың икемділігін сақтау және қайта тарылуға кедергі жасау.




Өзгелердің жаңалығы