Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды

29 Қараша 2022, 09:23
970
Бөлісу:
Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды

4 мыңнан астам адам магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасап.

Кешенді тестілеуді тапсыруға өтініш қабылдау 1-18 қараша аралығында ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz жүзеге асырылды.

Қараша айында магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 9 мыңнан астам өтініш қабылданды. Емтихан бүгін басталып, 1 желтоқсанға дейін (қоса алғанда) жалғасады.

Магистратураға түсу форматына келетін болсақ, биыл ешқандай өзгеріс жоқ. Сондай-ақ онлайн-апелляция беруге болады. Техникалық ақаулықтар туындаған жағдайда оқуға тапсырушы апелляцияға тестілеу кезінде, ал тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде береді. Апелляция қарастырылған соң сертификат оқуға түсушінің Жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Ғылыми-педагогикалық сала бойынша магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттары бар оқуға түсушілер шет тілі бойынша тест тапсырудан босатылады, – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Шеткі балдар өзгеріссіз қалды: ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін 75 балл, бейіндік магистратураға түсу үшін 50 балл жинау қажет.

Жаздағы тестілеуде ережені бұзғаны үшін тестілеуге жіберілмеген, сондай-ақ нәтижелері жойылған тұлғалар кешенді тестілеуге қайта қатысуға жіберілмейтінін атап өткен жөн.

Магистратураға түсушілер 4 мыңға жуық мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады.

Өзгелердің жаңалығы