Ауылдың мәдени өмірі жақсы болмай, қаланың тәртібі түзелмейді. Оны Мемлекет басшысы да Жолдауында жеткізген-ді. Әйтсе де облыс, аудан әкімдерінің саяси шешімдері осы мәселеден айналып кетуде. Жетісудың түкпірдегі ауылдары рухани ошақсыз отыр. Оны еститін Жаңа Қазақстан қайда?, деп хабарлайды Жетісу облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Облыс орталығынан не аудан орталығынан шалғайда орналасқан шағын ауылдар бірлесіп, ауылдық округ құрады. Әр ауылдың арасы кемі 10-15 шақырым. Енді қараңыз, сол үш-төрт шағын ауылға ортақ бір Мәдениет үйін салады. Мереке сайын қарапайым халықтың 15 шақырым жолды жаяу жүруіне тура келеді. Әрине, бәрінде көлік жоқ. Малдан басқа шаруасы жоқ ағайынның тұрмысы керемет деп баға бере алмаймыз. Ауыл шаруашылығына негізделген өңірдің рухани тынысы тарылып бара жатқандай. Мәдени ошағы жоқ ауылдың халқы салт-дәстүрге немқұрайлы қарайтыны анық.
Әңгімеміздің беташарын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы мына бір үзік оймен бастасақ. «Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді». Осы сөзді ілікке алған Үкімет ауыл-ауылдарға барынша көңіл бөліп, көптеген мәдени орынды қалпына келтірді. Қирағанын қайта тұрғызды, жыртылғанын жамады, жоғын түгендеді. Бірақ сол бағдарламадағы игіліктің уақыт өте бояуы кеткендей...
Жетісу облысының іргесі қаланғанына көп бола қойған жоқ, десе де қордаланып жатқан мәселе көл-көсір. Бюджеттің дені Алматы облысына ойысқаннан кейін, Жетісудың хәлі бұрынғыдай емес. Былтыр облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудандарды аралап, кезекті жұмыс сапарында Көксу өңіріндегі білім, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт нысандарының жағдайымен танысып қайтқан еді. Өңдеу саласы, өндіріс орындары, ауыл және мал шаруашылығы құрылымдары мен егіс алқаптарына барып, өңір шаруалары мен кәсіпкерлердің ұсыныс-тілегіне құлақ түрді. Аудан тұрғындарымен кездесіп, түйіні тарқамаған бірқатар мәселені көкейіне түйіп қайтты. Бұл сапардағы көп кемшілік әлі де біздің көкейімізде сайрап тұр.
Жалпы, Көксу ауданы 10 ауылдық округ, 34 елді мекеннен құрылған. Аймақ орталығының іргесінде орналасқан өрісті өңір. Мәдениет саласында 10 мәдениет үйі мен клуб, 10 кітапхана, 1 халық театры тұрақты түрде жұмыс істейді. Бізді де толғандырған осы рухани шаңырақтың төңірегі. Тоқсаныншы жылдардың басында-ақ тозығы шыққан клубтар топыраққа сіңіп кеткен. Ауыл тұрғындары содан бері бір Мәдениет үйінің керегін айтып-ақ келеді, бірақ билік басындағылар әр нәрсені бір сылтауратып кейінге шегеріп келе жатқанына ширек ғасырдан асыпты. Ауылдардан жиналған қараша халық облыс әкімімен кездескенде алдымен мәдениет ошағына зәру екенін жеткізді.
Қараңызшы, мысалы Мұқаншы ауылдық округінің Көксу бекетінде Мәдениет үйі жоқ. Ауыл тұрғындары қандай да бір іс-шара өткізу үшін 6 шақырым жердегі Жетіжал ауылына баруға мәжбүр. Жалпы, ауылдық округте 3116 тұрғын бар. Құрамына Мұқаншы, Қазақстанның елу жылдығы, Нәдірізбек сынды шағын ауылдар кіреді. Тұрғындардың айтуынша, Кеңес өкіметінен қалған ескі клуб болған, бірақ қазір қирандысы ғана қалыпты. Бұрынғыдай ұлттық мейрамдарда, мемлекеттік мерекелерде білім ордасының акт залын пайдалана алмайды, оған заң рұқсат етпейді.
Осындай жағдай Жарлыөзек ауылдық округінде де кездеседі. 2902 адамы бар елді мекен Жарлыөзек, Бостоған және Мұқаншы ауылдарынан құрылған. Ал Мұсабек ауылдық округінде 1806 адам тұрады. Мұсабек Мәулімбай, Быжы, Бақша және Мойынқұм сынды кішкентай ауылдардың жиынтығы. Жалпы, өңірде білім, денсаулық, мәдениет және ауылшаруашылық салаларында, мемлекеттік қызметте, бюджеттік құрылымдарда еңбек ететін жастар көп. Ең бастысы, ауылда тұратын жастарға бір уақыт бас қосатын, спорттық, мәдени шаралармен айналысатын қолайлы жағдай қажет. Ал сол жағдайды жасайтын Мәдениет үйі емес пе? Олардың қызық қуып қалаға қашуының бір себебі де осы.
Облыс және аудан әкімдерінің тұрғындармен кездесу жиындарында бұл мәселе үнемі көтеріліп келеді. Аудан әкімдігі осы мәселе бойынша облыстық басқармаларға бірнеше рет сұраныс хат жіберілгенін айтады.
Нәтижесінде, 2022 жылдың мамыр айында тек Жарлыөзек ауылдық округінде Мәдениет үйінің құрылысын салу үшін сметалық-жобалау құжаттамасына 5,0 млн теңге бөлініп, бүгінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Ал Мұсабек ауылы, Көксу бекетінде Мәдениет үйлерінің құрылысын жүргізу мәселесі 2022 жылдың 7 шілдесінде өткен облыс әкімінің Көксу ауданы тұрғындарымен кездесуінде қайта көтерілді. Облыс әкімі тарапынан мәселені бюджет қаражатының мүмкіндігі болған жағдайда қарастыруды тапсырды, - дейді мамандар.
Иә, Мұсабек, Мұқаншы, Жарлыөзек ауылдарындағы жағдай осындай. Өте ұйымшыл, береке-бірлігі жарасқан ауыл тұрғындары салт-дәстүрімізге негізделген игі шаралар өткізіп тұруға мүдделі. Соны өткізетін жер таппай қиналып жатады. Ауыл жастарының да кешке, бір уақыт барып, спортпен шұғылданып, мәдени шараларды көріп, мәнді де мағыналы демалып қайтатын жері жоқ. Мұқаншы ауылдық округінің әкімі Бақытжан Өмірәлинов бұл жұмыстың жүгін көтеріп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Жаңадан Мәдениет үйін салудың жоба-жоспарын, қажетті құжаттарын жасатып-ақ жүр. Бірақ жетер жерге жетпей жатқандай...
Ескі клубтар 1995 жылдары бүлініп кеткен. Орны да қалмады. Мұқаншы ауылдық округі 5 елді мекеннен тұрады. Округ орталығы – Көксу бекеті. Аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Мәдениет үйін салу туралы 2017 жылдан бері сұраныс білдірудеміз. Басқа да қажетті мәселелер туындауынан кейінге шегеріліп келеді. Ауыл балалары бір уақыт пайдалы дүниемен айналысатын шағын болса да, бір шаңырақ қажет. Алдағы уақытта ойымыз іске асар деген ниеттеміз, - дейді Өмірәлинов.
Ұлттың рухани өміріне соны серпін берген байыпты мақаланың жарияланғанына да бес жылдан аса уақыт өтіпті. Содан бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біраз жұмыс атқарылды. Әсіресе әр аймақтағы бірқатар ауылда жаңадан мәдениет үйлері бой көтеріп, соған ауыл адамдары мәре-сәре болып жатты. Біз бүгін осында айтылған жергілікті деңгейдегі мәдени нысандар, соның ішінде ауылдағы клубтар әлі де биліктің есінен шықпаса екен дейміз. Ауылдың берекесі мен мерекесі Мәдениет үйінен басталады. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық кезеңде кейбір ауылдағы мәдениет үйлері иесіз қалып, жабылды. Бірақ одан бері бақандай 30 жыл өтті ғой. Бұл аз уақыт емес...
Баяғы ескі клубтардың бірі де қалған жоқ, кірпіші мен қарағайы қоқысқа айналды. Қанша жыл болды, ауылдағы жұрт жиын өткізейін десе әр жерге жалтақтайды да жүреді. Біресе әкімдіктің алдын, біресе талдың көлеңкесін саялайды. Бұрындары мектептің акт залына жиналып тұратынбыз, қазір оған рұқсат жоқ. Халықтың бас сұқпаған жері қалмады. Жыл сайын «Өмірім-өнерім» атты аудандық қарттар фестивалі өтіп тұрады. Ауданда әжелер ансамблі бар, оған Көксу бекетінен 6 әже қатысады. Дайындық үшін олар жасына қарамай ауданның орталығына келуге мәжбүр. Билік басындағыларға жазып та, айтып та шаршадық, - дейді аудандық әжелер алқасының төрайымы Айнагүл Байсақова.
Елдің мұңын естір үкімет болса, бірлескен шағын ауылдардың шамын жағар. Ауыл балалары қураған бөренені айнала шауып, төбеге айналған бұрынғы клубтарды төңіректеп жүргенін көрсеңіз, сіз де айналып өтіп кетпес едіңіз. Олар да елдің балалары секілді домбыра үйірмесіне қатысып, шахмат ойнап, ән айтып, би билеп, спортпен айналысуға құқылы. Ол үшін ауылды көркейтуіміз шарт. Кез келген мемлекеттің жүрегі де, тірегі де ауыл екенін ұмытпайық.