Қоғам қайраткері Шерзод Пулатов пен Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сеитова қоғамдағы мінез-құлық мәдениеті, қоғамдық әдеп пен сөз мәдениетінің маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шерзод Пулатовтың айтуынша, адамның мәдениеті үлкен сөздерден емес, күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден көрінеді.
«Мәдениет ұсақ-түйектен қалыптасады»
Ол соңғы уақытта жастар тәрбиесі, үлкендерді құрметтеу, дәстүрлерді сақтау және қоғамдық тәртіп мәселелеріне қатысты қоғамда сұраныс күшейгенін атап өтті.
Біз ғасырлар бойы қоғамымыздың адамгершілік негізі болып келген құндылықтарды жоғалтып алмай жатырмыз ба деген алаңдаушылық бар, – деді ол.
Пулатов бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет мәселесіне қатысты айтқан сөздерін еске салды. Мемлекет басшысы сәлемдесу мәдениетіне тоқталып, кейбір азаматтардың амандасу кезінде орынсыз әрекеттерге жол беретінін айтқан болатын. Сонымен қатар Президент өркениетті мемлекет құру үшін халықтың мәдениеті жоғары болуы қажет екенін атап өткен.
Қоғам қайраткерінің пікірінше, қазақ қоғамында ерлі-зайыптылар немесе ғашық жандар өзара сезімдерін көпшілік алдында ашық көрсетуді құп көрмеген.
Бұл махаббаттың жоқтығынан емес. Керісінше, мұндай сезімдер екі адамның жеке кеңістігіне тиесілі деп есептелген. Сондықтан қоғамдық көлікте, саябақта немесе сауда орталығының алдында көпшілікке көрсетіп сүйісу сияқты әрекеттер бөтен адамдардың назарына арналмаған дүние деп санаймын, – деді ол.
Шерзод Пулатов Абайдың ұят туралы тұжырымын да еске алып, шынайы ұят – өзгелердің пікірінен қорқу емес, адамның ішкі ар-ожданы мен өз ісіне өзі баға бере білуі екенін айтты.
Сонымен қатар ол бұл пікір жеке өмірге араласу емес екенін, алайда қоғамдық кеңістікте балалар, қарттар мен түрлі көзқарастағы адамдар қатар жүретінін ескерген жөн екенін жеткізді.
Тәрбие дегеніміз – ең алдымен шектен шыға білмеу. Еркіндік пен әдеп бір-біріне қайшы келмейді. Нағыз мәдениет – өз еркіндігіңді сақтай отырып, жаныңдағы адамға құрмет көрсете білу, – деді қоғам қайраткері.
«Сөз – ұлттың визит карточкасы»
Ал Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Күміс Сеитова қоғамдағы сөз мәдениетіне назар аударды.
Оның айтуынша, адамның кім екенін күнделікті өмірде қолданатын тілі мен қарым-қатынас әдебі айқын көрсетеді.
Қазақтың сөз әдебі ешқашан жай ғана сыпайы сөздердің жиынтығы болған емес. Оның негізінде үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық және өзгені ренжітпей сөйлей білу қағидаты жатыр. Ата-бабаларымыз “Тіл – жүректің айнасы” деп бекер айтпаған, – деді Күміс Сеитова.
Ол қазақ халқында сөз өнері әрдайым жоғары бағаланғанын атап өтті. Оның сөзінше, орынды айтылған бір ауыз сөз арқылы күрделі даулардың өзі шешімін тауып отырған.
Алайда бүгінде қоғамдық орындарда, көлікте, интернетте және күнделікті қарым-қатынаста дөрекі сөздер мен балағаттаудың жиілеп кеткені байқалады.
Кейде боқтық сөз қалыпты қарым-қатынас құралына айналғандай әсер қалдырады. Бірақ оған үйреніп кету оны қалыпты құбылыс етпейді. Әрбір дөрекі сөздің түбінде сұхбаттасушыға, айналадағы адамдарға, оны еститін балаға және түптеп келгенде өзіңе деген құрметсіздік жатыр, – деді кітапхана директоры.
Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық мәдениет пен әдеп мәселесіне ерекше назар аударып жүргенін атап өтті.
Күміс Сеитованың пікірінше, құқықтық әрі әділетті мемлекет тек заңдар мен институттарға ғана емес, азаматтардың күнделікті мәдениетіне де сүйенеді.
Адамға деген құрмет ресми құжаттарда ғана емес, көшеде, қоғамдық көлікте, үйде айтылған қарапайым сөздерден де көрінуі тиіс. Сондықтан бәрі өзімізден – сөзге, ана тілімізге және оның болашағына деген құрметтен басталады. Өйткені қоғам мәдениеті адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасынан құралады, – деді ол.