Мәдениет министрі Шөмішбай Сариевтің отбасына көңіл айтты

15 Ақпан 2021, 19:00
923
Бөлісу:
Мәдениет министрі Шөмішбай Сариевтің отбасына көңіл айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ақын, Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариевтің қайтыс болуына байланысты отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.

Ақын, аудармашы, филология ғылымының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Платиналы Тарлан» және Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың, «Парасат», І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариевтің қайтыс болуына байланысты отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Қазақ поэзиясы мен әдебиетінің алып тұлғасының бірі Шөмішбай ағамыз дүниеден өтті деген суық хабарды естіп, қабырғамыз қайысып отыр. Өлең-сөздің ерен жүйрігі атанған біртуар қаламгердің «Атамекен-ай», «Домбыра», «Дос керек», «Сәлем саған, туған ел!» және көптеген әні өміршеңдігін жоймайды. Есімі елге танылған Шөмішбай Сариев байтақ отанымыздың шежірелі тарихын, ұлтымыздың тағдырын, өткені мен бүгінін жауһар жырға, жүрек үніне айналдырды. «Қос қанатты ақын» атанған заңғар азаматтың шығармашылығы қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мәңгі сақталады. Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқығай, – деп жазды министр. 
Айта кетейік, бүгін Сыр елінен шыққан танымал ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариев 75 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Ақынның қазасына Мемлекет басшы да көңіл айту жеделхатын жолдады
Өзгелердің жаңалығы