Маңғыстау облысында 2017 жылдан бері аймақтық «Білім үздігі» байқауы өтіп келеді

19 Ақпан 2019, 15:32
3503
Бөлісу:
Маңғыстау облысында 2017 жылдан бері аймақтық «Білім үздігі» байқауы өтіп келеді

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен жүзеге асып келе жатқан байқау мақсаты – облыс педагогтары қызметінің беделін арттыру, үздік мұғалімдер мен білім беру ұйымдарын көпшілікке насихаттау, сала мамандарының жеке және кәсіби сапасын көтермелеуге арналған.

2017 жылы «Білім үздігі» байқауында 10 номинацияға – 500 мың теңге, 5 үздік ұйым мен «Жыл мұғалімі» аталымдарына 1 млн теңгеден қаржылай сыйлық және дипломдар табысталған болатын.

Ал өткен жылы 13 номинация бойынша 500 мың теңге, «Жыл мұғалімі» аталымына және 5 білім ұйымына 1 миллион теңгеден сыйлықақы тағайындалды.

Бұл байқауға қатысу үшін осы екі жылда 264 педагог және 53 білім беру ұйымы құжаттарын ұсынды. Жеңімпаздар облыс әкімі жанындағы сараптау комиссиясы мүшелерінің шешімімен анықталды.

2017 жылы жүзден жүйрік шыққан 10 мұғалім мен өңірдің үздік білім беру ұйымдарына облыс әкімінің арнайы сыйлығы тапсырылып, әрқайсысына 1 млн теңгеден берілді.

Ұстаз мәртебесін арттырып, олардың еңбегін бағалау мақсатында аймақта алғаш рет облыс әкімінің арнайы сыйлығы тағайындалған байқауға 122 мұғалім қатысқан еді.

«Үздік шығармашыл маман», «Үздік полиглот мұғалім» секілді 10 аталым бойынша жеңіске жеткен ұстаздарға 500 мың теңгеден табысталды. Жеке-дара тоқталар болсақ:

1)    «Үздік қосымша білім беру ұйымы» – Ақтау қаласы «Оқушы» орталығы;

2)    «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» – Бейнеу политехникалық колледжі;

3)    «Үздік мектепке дейінгі ұйым» – Ақтау қаласы №22 «Алтын бесік» балабақшасы;

4)    «Үздік ауыл мектебі» – Мұнайлы ауданы «Қызылтөбе лицейі»;

5)    «Үздік қала мектебі» – Ақтау қаласы №11 мамандандырылған физика-математика мектебі.

Сондай-ақ, 10 номинация бойынша әр педагогқа 500 мың теңгеден табысталды:

«Үздік шығармашыл маман» – Аталықов Якуб Қайырұлы;

«Үздік педагогикалық жаңа идеялар» – Титинов Қайрат Үсенұлы;

«Үздік арнайы білім беру шебері» – Шағанова Оңайгүл;

«Үздік технологияларды қолданушы» – Баенбаева Гүлдариға Құрманбайқызы;

«Үздік ұлттық дәстүрді насихаттаушы» – Сәулебай Жұлдыз Қосқалиқызы;

«Үздік жетістіктер шебері» – Қарасартов Жұмахан Кенжебайұлы;

«Үздік қосымша білім беру шебері» – Бітімова Тамара Дүйсенбайқызы;

«Үздік дарынды балалар жетекшісі» – Сүлейменова Қарлығаш Амангелдіқызы;

«Үздік әдістемені ұсынушы» – Аймағамбетова Сәнім Бисенбайқызы;

«Үздік полиглот мұғалім» – Кұлмырзаева Айгүл Әлімбайқызы.

Ал сайыстың бас жүлдесін жеңіп алған Ақшұқыр ауылындағы орта мектептің мұғалімі Бауыржан Айманов миллионер атанды.

«Мектеп ұжымындағы әріптестерімнің, білім басқармасының қолдауымен оқушыларымды облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі әртүрлі пәндік олимпиада мен ғылыми жұмыстарға үзбей қатыстырып отырдым. Осы марапатқа жетуім де сол оқушыларымның жетістігінің арқасы деп білемін», - деген еді «Білім үздігі-2017» байқауының жеңімпазы Бауыржан Айманов.

Айта кетейік, сол жылы аймақ басшысының жүлдесі өңірдегі үздік балабақша, мектеп пен кәсіптік білім беру ұйымдарына да табысталды. Жалпы мұнайлы өңірде белгілі бір мамандыққа баулитын білім беру саласын дамытуға баса көңіл бөлініп келеді. Өлке тарихында бұрын-соңды болмаған тың жобалар да бар. Соның бірі – «Жасыл мектебім – жасыл мекенім» жобасы. Оның негізінде 2018 жылдан бастап облыстағы барлық мектептің жанынан жылыжай салынып келеді.

«Екі ауысымда 600 және 900 бала оқитын мектептерде мұндай жылыжайлар салынатын болса, қандай ғанибет! Оның үстіне ол жерге мемлекеттен бір тиын да ақша шығып жатқан жоқ. Оның орнына сол мектептерді бітірген, қазірде кәсіпкер атанған азаматтармен сөйлесіп жатырмыз. Облыстағы бас-аяғы 134 мектептің барлығына жылыжай салатын болсақ, ол қаншама үлкен жаңалық болады. Балалар бұдан зор тәрбие алады әрі еңбекке де баулимыз», - деген болатын Ералы Тоғжанов.

Енді 2018 жылға келсек, «Жыл мұғалімі» мәртебесіне жаңаөзендік ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Злиха Рахметулла лайық деп танылды.

Ол Жаңаөзен қаласы мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. «Мұнай-газ саласы мамандықтарына арналған мәтіндер» жинағының, «Кәсіби ағылшын тілін оқып үйренуге арналған» әдістемелік практикалық құралдарын жазған.

Ал ақтық сынға дейін жеткен Тілектес Серікбайқызына өңір басшысы тосынсый ретінде қосымша 500 мың теңге сыйақы тағайындады.

Қалған жеңімпаздар келесі аталымдар бойынша жеңімпаз танылды:

- «Үздік педагогикалық бастамаларды көтеруші» – Ақтілеуов Абай Аманбергенұлы (500 мың теңге ақшалай сыйлық және диплом);

- «Үздік полиглот мұғалім» – Куванова Гүлнар Тәженқызы (500 мың теңге ақшалай сыйлық және диплом);

- «Ұлттық дәстүрлерді үздік насихаттаушы» – Нұрбергенова Айнагүл Амандыққызы (500 мың теңге ақшалай сыйлық және диплом);

- «Үздік шығармашыл педагог – Гезалова Лала Абузарқызы (500 мың теңге ақшалай сыйлық және диплом);

- «Технологияларды үздік қолданушы» – Атаназаров Марат Әбубәкірұлы (500 мың теңге ақшалай сыйлық және диплом);

- «Үздік дарынды балалар жетекшісі» – Хамитова Лизавета Бисенқызы (500 мың теңге ақшалай сыйлық және диплом);

- «Жетістіктерге жету шебері» – Айманов Бауыржан Сағидоллаұлы (500 мың теңге ақшалай сыйлық және диплом);

«Қосымша білім берудің үздік шебері» – Демеуова Хиуаз Сұлтанқызы (500 мың теңге ақшалай сыйлық және диплом);

- «Арнайы білім беру ұйымдарының үздік шебері» – Түгелбаева Сәуле Тұрғанбайқызы (500 мың теңге ақшалай сыйлық және диплом);

- «Арнайы тәртіп берудің үздік ұстазы» – Тугерова Ғалия Бердібайқызы (500 мың теңге ақшалай сыйлық және диплом);

«Өндіріске баулудың үздік шебері» – Қарабалаева Несіпкүл (500 мың теңге ақшалай сыйлық және диплом);

Білім беру ұйымдары бойынша:

- «Үздік мектепке дейінгі білім беру ұйымы» – Бейнеу яслиі (1 млн теңге және диплом);

- «Үздік қала мектебі» – Жаңаөзен мектеп-лицейі (1 млн теңге және диплом);

- «Үздік ауыл мектебі» – Шетпе мектеп-гимназиясы (1 млн теңге және диплом);

- «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» – Маңғыстау туризм колледжі (1 млн теңге және диплом);

- «Үздік қосымша білім беру ұйымы» – Түпқараған ауданындағы Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы өнер мектебі (1 млн теңге және диплом).

Сондай-ақ, шара барысында өңір басшысы екі мұғалімді «Ыбырай Алтынсарин», тағы бес ұстазды «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапаттады, тағы жеті педагог облыс әкімінің алғыс хатын алды.

Жалпы 2018 жылы Маңғыстау өңірінің білім саласында ауқымды шаралар атқарылды. Облыс бойынша тоғыз мектеп халықтың игілігіне берілді. Айрықша атап кетер жаңалық – Ақтау қаласындағы №29 жаңа білім ордасы смарт-мектеп болып ашылды. Мұнда STEM-зертхана, смарт-жылыжай, галографикалық ақпараттандыру бұрыштары мен чип арқылы оқушылардың мектепке келіп-кетуін қадағалау жобасы енгізілген.

Орта білім беру саласын цифрландыру бағытында аймақ мектептерінде 17 ІТ сыныбы мен 25 жылыжай ашылып отыр. 2018 оқу жылынан бастап жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ беретін педагогтардың 75%-ы біліктілігін арттырды. Сондай-ақ, облыс мұғалімдерінің 80%-ының жалақыларына үстемақы қосылды.

Биыл бұл байқаудың қалай өтетіндігі және қатысушыларға қойылатын талаптар туралы ақпарат алдағы уақытта хабарланатын болады.

Томирис ӘДІЛ

Өзгелердің жаңалығы