Лос-Анджелестегі АҚШ-тың иммиграциялық және кедендік полициясының (ICE) рейдінен кейін орын алған тәртіпсіздіктерден соң жағдай біртіндеп қалыпқа келіп жатыр. Бұл туралы аудандық кеңестің уақытша комиссиясының төрағасы Хилда Солис мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ CNN-ге сілтеме жасап.
Бұл нағыз төтенше жағдай болды. Адамдар қирау мен хаос салдарынан қаладан кетуге мәжбүр болды, – деді ол.
Солистің айтуынша, қалада кейбір магистральдар, кіреберістер мен шығулар әлі де жабық, көлік қозғалысы шектеулі. Дегенмен, тұрғындар жұмысқа қайта оралуда.
Бұл процесс біртіндеп жүріп жатыр, – деп нақтылады ол.
Солис сонымен қатар Ұлттық гвардия бөлімшелерін қалаға енгізу туралы шешім Калифорния губернаторы немесе жергілікті билік тарапынан сұралмағанын растады.
Еске салайық, 8 маусым күні ICE Лос-Анджелес орталығында заңсыз мигранттарды анықтау бойынша рейд жүргізген. Бұл әрекет наразылыққа ұласып, тәртіпсіздіктермен аяқталған. Ақ үй өкілдері бұл жағдайды "заңға қарсы көтеріліс" деп бағалады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом мен Лос-Анджелес мэрі Карен Бассты жағдайды бақылауда ұстай алмады деп айыптады. Өз кезегінде Ньюсом Ұлттық гвардияның екі мың жауынгерін қалаға жіберу туралы шешімді «қасақана арандату» деп атады.