Ломбардтар мен МҚҰ-ларға 5,7 млн теңгеге айыппұл салынды

20 Қаңтар 2021, 23:52
1510
Бөлісу:
Ломбардтар мен МҚҰ-ларға 5,7 млн теңгеге айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020 жылғы желтоқсанда халықпен өзара іс-қимыл жасайтын қаржы және өзге де ұйымдардың жарнама қызметіне алаяқтық және басқа заңсыз әрекеттердің болу мүмкіндігі тұрғысынан жүйелік мониторинг жүргізді.

Агенттік микроқаржы ұйымдары мен ломбардтарға қатысты жалпы сомасы 5,7 млн теңгеге айыппұл салу түрінде 30 әкімшілік жаза қолданып, 9 жазбаша ұйғарым шығарды.

«TAS CREDIT» микроқаржы ұйымы» ЖШС-ға бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күнгі қызметіне сәйкес келмейтін жарнаманы тарату немесе орналастыру түріндегі әкімшілік құқық бұзғаны үшін 416 700 теңге сомаға айыппұл салынды. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен есептелген жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін көрсетпеу түріндегі әкімшілік құқық бұзғаны үшін жиырмаға жуық қаржылық ұйымға қатысты жалпы сомасы 4,7 млн теңгеге айыппұл түрінде 27 әкімшілік жаза қолданылды - делінген агенттік таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар, «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделмеген қызметті жүзеге асырғаны үшін «Лидер – Капитал 168» МҚҰ» ЖШС-ға қатысты жалпы сомасы 555 600 теңгеге  айыппұл түрінде 2 әкімшілік жаза салынды.

Одан бөлек 9 жазбаша ұйғарым микрокредит беру туралы үлгі шарттардың ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес болмағаны үшін жіберілді.

Бұдан басқа, қайта тіркеуден өтпеген және есептік тіркеуден өту үшін өтініш бермеген ломбардтарға қатысты Агенттіктің өңірлік өкілдер басқармалары мәжбүрлеп тарату туралы шағым-талап жұмысын  жалғастыруда.

2020 жылғы желтоқсанда екінші деңгейдегі банктерге, бағалы қағаздар нарығының және сақтандыру нарығының субъектілеріне қатысты бұзушылықтар, сондай-ақ заңсыз іс-қимыл және алаяқтық фактілері анықталған жоқ.

Халықпен өзара іс-қимыл жасайтын қаржы және өзге де ұйымдардың жарнама қызметіне алаяқтық және басқа заңсыз әрекеттердің болу мүмкіндігі тұрғысынан мониторингтеу көздері:

-  Агенттікке, оның ішінде Агенттіктің сұрау салуы бойынша қаржы және өзге де ұйымдар ұсынған құжаттар мен ақпарат;

-  жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан келіп түскен өтініштер, құжаттар мен ақпарат;

-  қаржы және өзге де ұйымдардың интернет-ресурстары;

- әлеуметтік желілер («Facebook», «Twitter», «Instagram», «ВКонтакте», «Telegram»);

-  қаржы және өзге де ұйымдардың мобильдік қосымшалары;

- теле-, радиоарналардағы, қоғамдық көліктегі, мерзімді баспасөз басылымдарындағы жарнама, сондай-ақ сыртқы жарнама болып табылады.

Мониторинг Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және ҚР облыстық орталықтарында жүргізілді.

Өзгелердің жаңалығы