Логопед кеңесі: Бала тілі балабақшаға барса дұрысталып кете ме?

31 Тамыз 2023, 09:47
2884
Бөлісу:
Логопед кеңесі: Бала тілі балабақшаға барса дұрысталып кете ме?
Фото: Назгүл Шәйкенованың мұрағатынан

Логопед-дефектолог Назгүл Шәйкенова мыңға жуық баланың тілін түзеткен. Ол бала тілінің кеш шығуына әсер ететінін бірнеше себепті атады. Сондай-ақ ата-анаға қажетті кеңестер берді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

 - Тіл мүкістігінің себебі көп. Қазіргі таңда қандай себеп көп рөл ойнайды?

Иә, қазіргі таңда әр оныншы балаға сөйлеу тілінің кешеуілдеуі (ЗРР) диагнозы қойылып жатыр. Тіл мүкістігі әсіресе ненің салдарынан және қай уақытта пайда болғанын анықтау үшін үлкен классификацияға бөлінетін екі факторды айтар едім. Біріншісі - биологиялық және әлеуметтік фактор. Осының ішінде ең басты себеп, ол ата-ананың денсаулығына байланысты және қазіргі экология мәселесі. Ертеде дана халқымыз дұрыс және өте құнарлы тамақтармен тамақтанған. Бұрын жейтін тағам да таза еді, қазіргі таңда баланың сенсорикалық жүйесін дамытып жүрген әдістердің барлығын сол кезде дәстүрлік ойындармен дамытушы еді... Ал, қазір құнарлы тағам аз, айналамызда токсикалық заттар өте көп. Бұл әйел адамның ағзасын, эндокринді және иммунды жүйесін, зат алмасу процесін бұзады. Салдарынан құрсақта жатқан балаға да зиянын тигізеді. Соның әсерінен әр түрлі бұзылыс болады. Одан бөлек тұқым қуалайтын генетикалық аурулар да бар.

 - Балабақшаға барған кезде баланың тілі дұрысталып кету мүмкін бе?

Иә, балабақшаға бару баланың психологиялық жағдайына айтарлықтай әсер етеді. Біріншіден, басқа балалармен және тәрбиешілермен қарым-қатынас әлеуметтік дағдыларын дамытуға көмектеседі. Бала қарым-қатынас жасауды, ойыншықтар ойнауды, жаңа жағдайларға бейімделуді үйренеді. Екіншіден, балабақша балаға әртүрлі жағдаймен өзара әрекеттесуге мүмкіндік береді, бұл оның шығармашылық ойлауы мен қиялын дамытуға ықпал етеді. Үшіншіден, балабақша баланың физикалық белсенділігіне ықпал ететін түрлі іс-шаралар мен ойындарды қолданады. Осылайша, балабақша баланың психологиялық жағдайына оң әсер етеді, оның әлеуметтік дағдыларын, шығармашылық ойлауы мен қиялын, физикалық белсенділігін, сөйлеуін дамытуға септігін тигізеді.

 - Ата-ана баламен қалай дұрыс сөйлесу керек?

Бала тілін ерте дамытудың жолы - баламен жиі сөйлесу. Өсіп келе жатқан бүлдіршінге үйдегі, даладағы немесе тағы басқа да жерлерде болып жатқан құбылыстарды түсіндіруге тырысыңыз. Ата-ана оқиғаны қызықты қылып баяндап, оның ойын сұрау керек. Сондай-ақ баламен жиі ойнау қажет. Негізі бұған ата-ана күнделікті 15 - 20 минутын арнаса болды. Қазіргі кезде тілі мүкіс не уақытынан кеш шығатын балалар саны көп. Мәселе өздігінен шешілмейтіні анық. Қандай белгілер болған кезде маманға жүгіну керек?

Логопед кеңесі: Бала тілі балабақшаға барса дұрысталып кете ме?

 - Бала тілінің кеш шығып жатқанын қалай байқаймыз?

Баланың барлық психикалық процестері ( ойлау, есте сақтау, қиялы, сөйлеуі, қабылдауы) 3 жасқа дейін ойлауы арқылы дамиды, 3 жастан кейін сөйлеуі арқылы дамиды, яғни бала онтогенез бойынша дамуы керек

1 жастағы бала. Ол есімін біледі, ересек адамның қалағанын қимылмен, “ымдап” көрсетеді, “иә”, “жоқ” дегеннің айырмашылығын түсінеді. Былдырлауы белсенді, дыбыстарды түсініп, нақты заттарға/адамға қатысты қолданады, жеке 7-10 шақты сөздерді айтады.

2 жасар бала. Заттарды мақсатына байланысты пайдаланады. Ойыншықты түсініп ойнайды, аты аталған дене мүшелерін көрсетеді, жай сөйлем құрау үшін 2-3 сөзді пайдалана алады.

3 жасар бала. Ол “ішінде”, “үстінде”, “артында”, “алдында” деген көмекші сөздердің мағынасын түсінеді, өз бетімен киімін киіп-шеше алады, 5 және одан артық сөздерден тұратын сөйлемді айта аладын

Осы онтогенез бойынша дамымаса баланың сөйлеуі кешігіп жатыр деген сөз. Сөйлеу - тұқым қуаламайды және бала өздігінен, ересектің ықпалынсыз сөйлей алмайды. Сондықтан бала өмірге келгеннен 3 жасқа дейінгі кезеңінде ата-ана үлкен жауапкершілікпен қараса, баланың уақытына сай мамандармен жұмыс істесе, қазіргі таңдағы үлкен мәселенін алдын аларымыз сөзсіз еді.

 -Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы